Өскемендіктер өздеріне қажетті 100 жобаның бюджетін қалыптастырды

15 Ақпан 2022, 18:48
1270
Бөлісу:
Өскемендіктер өздеріне қажетті 100 жобаның бюджетін қалыптастырды

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Биыл Өскемен қаласында аулаларды, тротуарларды абаттандыруға, ойын алаңдарын орнатуға, заңсыз қоқыс алаңдарының көзін жойып, ағаш отырғызуға қатысты 100 жоба жүзеге асады.

Қалалық әкімдік ғимаратында өткен «Халық қатысатын бюджет» жобасын жүзеге асыру барысы талқыланған басқосуда жобаның облыстың басты шаһар келбетін одан әрі арттырудағы рөлінің зор екені екені айтылды. Өйткені, бұл жобаның бюджетін қалыптастыруға алғаш рет қала тұрғындары қатысты. Өткен жылы қала тұрғындары тарапынан түрлі ұсыныстар қабылданып, арнайы сараптамалық кеңестің саралауынан өткізілген. Сонан соң бұл жобалар қала әкімдігінің ресми сайтында орналастырылып, дауыс беру үрдісінен өткен. 

Анықтап айтсақ, дауыс беру барысында қалаға ағаш көшеттерін отырғызуға, тротуарлар мен қоғамдық орындарды қалпына келтіруге, көшелерді жарықтандырып, заңсыз пайда болған қоқыс алаңдарының көздерін жоюға, аулаларды абаттандыруға, ойын алаңдарын орнатуға қатысты жобалар ұсынылып, көпшіліктің көңілінен шығып, қолдау тапқан.

«Қала аумағында мәселелі жерлер жоқ емес. Десе де, біз жылда көшелерді жарықтандыруға, жолдарды жөндеуге, аулаларды абаттандыруға бағытталған жұмыстарды жоспарлы түрде жүргіземіз. Былтыр, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық қатысатын бюджет» жобасын жүзеге асыруға қатысты тапсырма беріп, елді мекендердің аумақтарындағы абаттандыруға байланысты жұмыстарға бюджет қаражатын жергілікті халықтың пікірін ескере отырып бөлу туралы айтқан еді. Үстіміздегі жылы біз осы тапсырманы орындауға бағытталған жұмыстарды қолға алдық», - дейді Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар. 

Өстіп, қаланың шағын аудандарының тұрғындары өз аумақтарына қатысты жұмыстардың бюджетін өздері қалыптастырды. Былтырғы жылдан бастап ел аумағында, сондай-ақ Өскеменде басталған игі істі қаржыландыруға қазынадан бір миллиардқа жуық қаражат бөлініп, 100 жоба жүзеге асырылмақ.

«Аталмыш 100 жоба қала тұрғындары тарапынан түскен ұсыныстардың ең көп қолдауға ие болғандары, сондай-ақ қала бюджетінің шек сомасына келетіндері. Олардың ішінде шығыны көбі де, азы да бар. Алайда, жобаларды таңдап алу кезінде дауыс беру ерекше рөл атқарды», - дейді қала әкімінің орынбасары Денис Федченко. 

Жауапты тұлғаның хабарлауынша, биыл қалада 5,4 шақырым тротуарлар абаттандырылып, балалардың 12 ойын алаңы орнатылады. Сондай-ақ, үстіміздегі жылы 15 аула қайта жөнделіп, 51 аумақта көше жарықтары ауыстырылады. Бұдан бөлек, заңсыз пайда болған қоқыс алаңдарының көздері жойылып, қаланың төрт ауданында ағаш көшеттерін отырғызу жұмыстары жүргізіледі. Нәтижесінде, екі мыңға жуық үйеңкі, самырсын, алма, шәңгіш, қайың ағаштарының көшеттері егіледі.

Барлық жұмыстардың күн жылына басталып, суық түскенге дейін толықтай тәмамдалатынын айтқан қала әкімі, бастамашы топ өкілдеріне атқарылатын жұмыстардың сапасына деген қоғамдық бақылауды үздіксіз жүргізіп отыруларын сұрады. 

 

Өзгелердің жаңалығы