Өскемен жұртшылығы пәтерлеріндегі жылудың жеткіліксіздігіне наразылық білдіруде. Қала тұрғындары әлеуметтік желілерде үйлерінің салқындап кеткенін жаппай жазып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Айтуларынша, сырттағы ауа температурасы біршама көтеріліп, аяз басылғанымен, пәтер ішіндегі жағдай керісінше нашарлаған. Тіпті жылытқыш құралдарды қолданғанның өзінде бөлмедегі ауа температурасы +20 градустан әрең асады. Тұрғындар батареялар ыстық болғанымен, жылу бермей тұрғанын айтады.
Алайда Өскемен ЖЭО баспасөз қызметі мен жылумен жабдықтаушы "Шығыс жылу" АҚ өкілдері жылу көзінде ешқандай апаттық жағдай тіркелмегенін мәлімдеді. Олардың айтуынша, жылу жүйесі қалыпты режимде жұмыс істеп тұр.
ЖЭО ең жоғары аяз кезеңін тұрақты өткерген, барлық мүмкін, соның ішінде резервтік қуат көздері толық іске қосылған. Температуралық кесте қатаң сақталған. Мәселе – тұрғын үйлердің біртіндеп суып кетуінде.
Компания өкілдерінің түсіндіруінше, ұзақ уақыт бойы сыртқы ауа температурасы төмен (-18 градустан төмен) болған жағдайда ғимараттардың қоршау конструкциялары біртіндеп суып, бұл пәтер ішіндегі температураның төмендеуіне әкеледі.
Сырттағы ауа температурасы ұзақ уақыт бойы төмен болған кезде ғимараттардың қабырғалары мен конструкциялары суып, соның салдарынан ішкі бөлмелердегі температура да біртіндеп төмендейді, - деп түсіндірді "Шығыс жылу" АҚ баспасөз қызметі.
Қазіргі таңда тұрғындарға сыртқы ауа температурасының көтерілуін күту ғана қалуда. Мамандардың айтуынша, күн жылынған кезде пәтер ішіндегі жағдай да біртіндеп қалыпқа келеді.
Еске салсақ, бұған дейін қатты аяз кезінде Теміртау тұрғындары жылусыз қалған болатын. Қаланың бірнеше шағынаудан тұрғындары ең суық кезеңде жылу мен ыстық сусыз қалған еді.