Өскеменде велосипедке қатысты жанжал төбелеске ұласып, жасөспірімдер ер адамның бетіне бұрышты баллоннан сұйықтық шашқан. Оқиғаға қатысқандардың барлығы анықталып, полиция тиісті шара қабылдады. Бұл деректі BAQ.KZ редакциясының сауалына жауап берген Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті растады.
Оқиға 2026 жылғы 6 қыркүйекте Өскемен қаласындағы Үлбі өзенінің жағалауында болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, 53 жастағы ер адам велосипед теуіп жүрген жасөспірімнің велосипедіне абайсызда дөңгелегімен тиіп кеткен. Осыдан кейін жанжал туындап, арты төбелеске ұласқан. Оқиға барысында жасөспірімдер ер адамның бетіне бұрышты баллоннан шашқан.
Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің мәліметінше, оқиғаның барлық қатысушысы анықталды.
53 жастағы ер адамға бұзақылық әрекеті үшін әкімшілік хаттама толтырылды. Сот шешімімен оған 20 сағат қоғамдық жұмыс түріндегі әкімшілік жаза тағайындалды, - деп жауап берді облыстық ПД баспасөз қызметі.
Ал оқиғаға қатысқан 13 жастағы екі жасөспірімнің жасы әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін белгіленген жасқа жетпеген. Сондықтан оларды әкімшілік жауапқа тарту мүмкін болмаған.
Сонымен қатар кәмелетке толмаған баланың бұзақылық әрекеті үшін оның 14 жастағы жасөспірімнің анасы Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 435-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама Шығыс Қазақстан облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолданды.
Бұдан бөлек, оқиғаға қатысты материалдар Өскемен қаласы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның қарауына жіберілді.
Осылайша, велосипедке қатысты кездейсоқ жанасудан басталған жанжал бірнеше адамның жауапкершілікке тартылуымен аяқталды.
Еске салсақ, Атырауда бір мопедке мінген екі жасөспірім мопедпен полициядан қашып, қуғынды видеоға түсірген. Кейін олардың бірі кәмелетке толмағаны анықталды.