Өскемендегі Пушкин кітапханасында оқырман көп

3 Қазан 2022, 16:30
2571
Бөлісу:
Өскемендегі Пушкин кітапханасында оқырман көп

Өйткені, Шығыс Қазақстанның облыстық кітапханасы оқырмандарды тартудың тың әдіс-тәсілдерін қолданып отыр. Мұндағы үйірмелерде шет тілдерін, компьютерлік бағдарламаларды меңгеріп, үкімет порталын қолдануды, тіпті комикс салуды да үйренуге болады, деп хабарлайды осы өңірдегі BAQ.KZ тілшісі. 

Қазіргі кезде заман талабына сай кітапханалардың да жұмысы өзгерген. Бұрынғыдай мекеме тек оқырманға кітап беріп, қайта қабылдаумен ғана шұғылданбайды. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр кітапханашылардың еңбекақысын арттырып, салаға жаңа бір серпін берген болатын. Содан бері не атқарылғанын білмек ниетте біз Өскемендегі ең үлкен облыстық кітапханаға бас сұққан едік. 

Кітапхана іші талапқа сай жөнделіпті, заманауи техникамен жабдықталған, бірнеше үйірме жұмыс істеп жатыр. Мектеп оқушыларынан бастап зейнеттегі қарияларға дейін отыр залдарда. 

Бұрын кітапхананы «Білім мен ғылым үйі» дейтін. Себебі, барша кітап, газет-журнал осында сақталатын еді. Кеңес өкіметі тұсында баспадан шыққан дүниенің бәрі әр кітапханаға жоспар бойынша түсіп тұратын. Жалғыз ақпарат орны осы кітапханалар болатын. Соңғы кездері Интернеттің кең таралуына байланысты бәрі де өзгеріп жатыр. Қазір әркім қалаған ақпаратына, музыкасы мен фильміне қалтасындағы смартфоны арқылы-ақ кез келген жерден қол жеткізе алады. Осыған байланысты кітапханаларға қатал бәсекеге түсуге тура келді. 

Жұмысымыздың әдіс-тәсілін өзгертуге мәжбүр болдық. Мәселен, сіз интернеттен ақпаратты рұқсат сұрамай өзіңіз таңдайсыз ғой. Біз де он жыл бұрын кітап қорын ашып қойдық. Яғни, оқырман сөрелерді еркін аралап, керегін ала алады. Әр кітапқа чип бекіттік, оқырман кітапханаға электронды билетпен кіріп, үйге оқуға алған кітаптарын теринал арқылы тіркеп, кейін өзі қайтарады. Әрине, қажет жағдайда кітапханашылар көмек көрсетеді, – дейді облыстық А. Пушкин атындағы кітапхананың директоры Бибігүл Жамбылқызы.

Кітапхана іші толығымен интернет желісіне қосылған, барлық жерде Wi-Fi толқыны бар. Оқырман мұндағы компьютерлерді, сканер-принтерлерді де емін-еркін қолдана алады.

Үйір­мелер жөнінде айтар болсақ, мәселен мұнда тегін түрде ағылшын, француз, неміс, орыс тілдерін үйрететін клубтар жұмыс істеп тұр. Шетелден келген мамандар, АҚШ, Еуроодақ елдерінде оқып келген өз студенттеріміз осында кеп, түрлі тақырыптарға арналған кездесулер өткізеді.

Бүгінгі таңда елімізде мемлекеттік қызметтердің 80 пайыздан астамы egov.kz электронды үкімет порталы арқылы онлайн түрде беріледі. Өкінішке қарай, тұрғындардың көбі сол порталды қолдана алмайды. Былтыр халық санағы жүргенде біраз азаматтар не істер білмей қиналды. Міне, осы ретте біздің кітапханаға келе алады. Ол үшін бізде Халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысына көмек беретін орындар бар. Мамандарымыз порталдың пайдалану тәсілін ақысыз үйретеді, оқулар ұйымдастырады, – дейді мекеме басшысы.

Бұдан бөлек, жастарға бейнемонтаж, фотошоп, бағдарламалау, роботты техника, 3D-мо­дельдеу, графикалық дизайн, комикс салу сынды үйірмелер ақысыз қызмет етеді.

«Қазір ешкім кітап оқымайды» деген пікір барын білеміз. Бірақ, оны зерттеп, анықтаған жан жоқ. Әлбетте, кітапханаға бармай-ақ, қалаған туындыны интернет арқылы оқи беруге болады. Сондықтан, оқырмандарымызды жоғалтпай, керісінше санын көбейту үшін кітап қорын жүйелі толықтырып отырамыз. Баспалармен байланысымыз тығыз. Биыл облыс қазынасынын кітап алуға 21 миллион теңге берілді. Оған алынған еңбектер біздің кітапханаға және бүкіл облыстағы ауылдық кітапханаларға да таратылды, – дейді кітапхана директоры.

Былтырдан бері кітапхана­ «Өнегелі сұх­бат» бағдарламасын енгізіп, ақын-жазушылардан интервью алып келеді. Ол сқхбаттар әлеуметтік желі арқылы ұсынылады.

Кітапханада балалар мен жас­өспірімдерге арналған Білім орта­­лығы алаңы бар. Жыл са­йын «Оқу көшбасшысы», «Оқы және жеңіске жет!» облыстық оқыр­мандар сайыстары, «Әдеби шығарма желісімен салын­ған ең үздік сурет», «Әдеби челлендж» сияқты іс-шаралар өтеді. Ба­ла­лар жылы аясында кітапхана мамандары «Шам түбіндегі ертегі» бейнежобасын қолға алды.

Атап өтерлігі, кітапхана мүмкіндігі шектеулі адамдардың бос уақытын ұйымдастыруға ғана емес, оларды жұмысқа орналастыруға да көмектеседі. Қазір кітапханада ерекше адамдар санатынан 3 штаттық жә­не жұмыспен қамту орталығының жолдамасы бойынша 4 штаттан тыс қызметкер еңбек етіп жүр.

Өзгелердің жаңалығы