Өскемендегі «Дина» көтерме базарында көкөніс бағасының негізсіз қымбаттатылғаны анықталды

Сәбіз, картоп пен қырыққабатқа үстеме 86%-ға дейін жеткен

 ©BAQ.KZ Бүгiн 2026, 17:08
Бүгiн 2026, 17:08
174
Фото: ©BAQ.KZ

Өскемен қаласындағы «Дина» көтерме базарында сәбіз, картоп және қырыққабатқа қойылған үстеме баға белгіленген шектен бірнеше есе асып кеткені белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ Сауда және интеграция министрлігіне сілтеме жасап.

Кешенді мониторинг нәтижесінде «Дина» көтерме базарында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын бір жеке кәсіпкердің айтарлықтай көтергені анықталды. Электронды шот-фактураларды талдау барысында сәбіз, картоп және қырыққабатқа қойылған сауда үстемесі рұқсат етілген нормадан бірнеше есе жоғары болғаны белгілі болды, – делінген хабарламада.

Ведомство мәліметінше, Павлодар облысындағы фермерлік шаруашылықтан бір келісі 170 теңгеден алынған сәбіз кейін 35 пайызға дейін үстеме қосылып, 230 теңгеден сатылған. Ақпан айында Абай облысынан 150 теңгеден сатып алынған 30 тоннадан астам картоп наурызда Өскеменде 250–280 теңгеге дейін көтеріліп, сатылған. Нақты үстеме 70–86 пайызға жеткен. Ал қырыққабаттың сатып алу бағасы шаруалардан 130 теңге болса, бөлшек саудада 200–220 теңгеге дейін барған. Мұндағы үстеме 53–69 пайыз аралығында болған.

Аталған көкөністер кейін қосымша үстеме бағамен «үй жанындағы» дүкендер арқылы тұрғындарға сатылған. Бұл фактілер өңірлік комиссия отырысында қаралды. Қазіргі уақытта жеке кәсіпкерге қатысты жоспардан тыс тексеріс жүргізу үшін материалдар дайындалып жатыр. Егер заңбұзушылық расталса, кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылады және бағаны төмендету туралы нұсқама беріледі, – деді Сауда министрлігінен.

Наверх