Өскеменде жаңа шағын аудандарға автобус бағыттары ашылды

10 Қараша 2024, 05:40
313
Бөлісу:
Өскеменде жаңа шағын аудандарға автобус бағыттары ашылды
Фото: baq.kz

Өскеменде қоғамдық көліктердің қозғалыс кестесі өзгерді. Жаңа шағын аудандардың бой көтеруіне байланысты төрт бағыттағы автобустар қосылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жолаушылар тасымалымен айналысатын кәсіпкерлер жыл соңына дейін 45 автобус пен маршруттық таксиді жолға шығаруды көздейді. Компания шығындарының бір бөлігі мемлекеттік субсидия есебінен өтеледі. Өскемен көшелерінде күнделікті екі жүзден астам автобус қатынайды. Бірақ жолаушылардың көбеюіне байланысты қызмет көрсету қиындаған. Жыл басында жаңадан 50 автобус алынса, желтоқсанда тағы 45 көлік жолға шығуы тиіс. Биыл тасымалдаушылар мемлекеттен демеуқаржы арқылы 5 миллиардтан астам теңге алды.

Соңғы 3 жылдың ішінде субсидиялау бағдарламасы арқылы қоғамдық автобустардың 50 %-і жаңартылды. 2021 жылы 18 автобус алынса, 2022 жылы 40, ал биыл 51 автобус сатып алынды, - деді қалалық ТҮКШ, Жолаушылар көлігі және автожолдар бөлімі басшысының орынбасары Рашид Шерубаев.

Жолаушылардың талабын ескерген қалалық әкімдік жаңа бағыттарды іске қосып жатыр. Бұдан былай сол жағалаудың тұрғындары облыс орталығына бір автобуспен қатынай алады.

Маршруттық желі қайта қаралса, бюджет жүктемесі де азаяр еді. Себебі ұзақ жолға жарамды автобустарды үнемі техникалық тексерістен өткізіп, уақытылы жөндеп тұру қажет. Әрине шығындардың бір бөлігі субсидия арқылы реттеледі, - дейді автопарк директоры Елена Рядинских.

Осылайша биыл Өскеменде жаңадан төрт бағыт ашылса, алда тағы алтауы іске қосылады деп жоспарланған. Автобустар бекітілген кесте бойынша Ново-Ахмирово, Шмелёв лог және 28-шағын аудандарына қатынайды.

Өзгелердің жаңалығы