Өскеменде теннистен әйелдер арасындағы дүниежүзілік турнир басталды

12 Тамыз 2022, 06:14
887
Бөлісу:
Өскеменде теннистен әйелдер арасындағы дүниежүзілік турнир басталды

Облыс орталығы Өскемендегі «Smash» теннис орталығында 8 тамыз күні әлемдік рейтингтегі спортшылардың қатысуымен ITF World Tennis Tour W25 – Kazzinc Open сериясының әйелдер арасындағы халықаралық турнирі басталды.

Корттарда Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Израиль, Үндістаннан келген 32 мықты теннисші кездесті.

Қазақстаннан Kazzinc Open турнирінің негізгі жеребесіне 5 спортшы қатысады, оның екеуі Шығыс Қазақстан теннис мектебінің тәрбиеленушілері.

18 жастағы Татьяна Николенко жасөспірімдер арасындағы Уимблдонға қатысса, 14 жастағы Малика Әмірғалиева бірнеше жарыстардың жеңімпазы атанып үлгерген.

Біз қазір екінші турнирге қатысып жатырмыз, өткен аптада ерлер ойнады, оның жүлде қоры 15 мың долларды құрады. Осы аптада әйелдер ойыны, оның жүлде қоры 25 мың доллар. Бұл кәсіпқой теннистегі екінші қадам. Демеушілер – «Қазцинк» кәсіпорны мен Қазақстан теннис федерациясы, – деді жарыстың бас төрешісі Андрей Гарибян.

Теннис федерациясының Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиалының директоры Игорь Дзабаевтың айтуынша, турнирге 4 қазақстандық теннисші қатысып жатыр. Жергілікті спортшы Малика Әмірғалиева іріктеуден өтіп, мықты теннисшілердің сегіздігіне енді.

Қатысушылар өте тәжірибелі – барлығы әлемдік рейтингтің ТОП-200 қатарынан. Біздің Smash теннис орталығы осындай деңгейдегі халықаралық жарыстарды өткізуге мүмкіндік беретін ең заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған, - деп түсіндірді «Қазцинктің» әкімшілік мәселелер жөніндегі атқарушы директоры Андрей Лазарев. – Жанкүйерлер қатысушылардан жарқын ойындар, керемет эмоциялар мен тосынсыйлар күтуде. Барлығын корт трибунасына шақырамыз, кіру тегін. 

Еске салайық, 1-7 тамыз аралығында Smash орталығында ерлер арасында Kazzinc Open Ust-Kamenogorsk M15 халықаралық турнирі өтті. Жарысқа әлемнің түкпір-түкпірінен ТОП-500 рейтингінде тұрған 32 талантты теннисші қатысты.

Өзгелердің жаңалығы