Өскеменде құны 12,7 млрд теңге болатын май зауыты салынып жатыр

21 Сәуір 2022, 22:33
1879
Бөлісу:
Өскеменде құны 12,7 млрд теңге болатын май зауыты салынып жатыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстандық ALTAI MAI компаниясы Өскеменде құны 12,7 млрд теңге болатын мультидақыдды май экстракциялық зауытының құрылысын бастады. Бұл туралы KAZAKH INVEST ұлттық компаниясы хабарлады, деп жазды altaynews.kz.

Кәсіпорын жылына 75 мың тоннаға дейін өсімдік майын және 64 мың тонна күнжара өндіретін болады. Өндіріс алаңы шамамен 10 га құрайды.
Жоба шикізатты қабылдаудан бастап дайын өнімді жөнелтуге дейінгі барлық өндіріс процесін жоғары автоматтандыруды көздейді.

ALTAI MAI компаниясы шикізаттың үздіксіз жеткізілуіне және зауыттың техникалық мүмкіндіктеріне сенімді – кәсіпорын тәулігіне 500 тоннадан астам күнбағыс тұқымын немесе 400 тонна рапсты өңдей алады. Қайта өңдеу үшін шикізат ретінде пайдаланылатын күнбағыс және рапс алқаптарының тұқымдары зауытқа Шығыс Қазақстан облысының Өскемен, Бородулиха, Шемонаиха, Глубокое, Зырян, Самар және Ұлан аудандарынан түсетін болады, - деп хабарлады KAZAKH INVEST.

Өңірде май экстракциялық зауыт өнімдері болашақта импортты алмастыру мәселесін оң шешетініне, сондай-ақ Қытайға, Өзбекстанға және басқа елдерге экспорттың дамуына ықпал ететініне сенімді.

Бұған дейін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов фермерлерді майлы дақылдар алаңын ұлғайтуға шақырған болатын. Бұл дақылдарға өңірде 484,7 мың га жер қарастырылған.

Өзгелердің жаңалығы