Өскеменде қараусыз қалған жағалау саябаққа айналды

16 Шілде 2019, 17:09
1666
Бөлісу:
Өскеменде қараусыз қалған жағалау саябаққа айналды
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Өскемендегі көп жылдан бері қараусыз, иен жатқан аумақта жаңа спорттық-табиғи-экологиялық саябақ бой көтерді, деп хабарлады Алтайньюс.

Өткен жылы облыс әкімі Даниал Ахметовтің тапсырмасымен бұл жерде ауқымды абаттандыру жұмыстары басталды. Нәтижесінде, мұнда тамаша демалыс орны пайда болды.

MIT_0326.jpg

Биылғы жылдың 15 тамызында «Самал» саябағындағы ауқымды абаттандыру жұмыстары толық аяқталады. Өскеменде салынып жатқан жаңа саябаққа барған облыс әкімі Даниал Ахметов осылай деді.

«Бұл жер өскемендіктер мен қала қонақтарының сүйікті орындарының біріне айналады. Рас, былтыр осы жұмысты бастағалы жатқанда, бұл әрекетімізге күмәнмен қарағандар көп болды. Өйткені бұл жер көп жыл бойы қараусыз, иен жатқан еді. Дегенмен, біз бір-ақ жылдың ішінде оны адам танымастай етіп өзгерттік. Жалпы, бұл саябақты қаладағы басқа парктерден табиғаты ерекшелеп тұратын болады. Ең бастысы, мұнда келушілер спорттың барлық түрімен айналысатын болады. Оған барлық жағдай жасалады», – деген аймақ басшысы демалыс орны аумағында атқарылған жұмыстарды оң бағалап, нысан қолданысқа уақтылы берілуі керек екенін айтты.

MIT_0139_835x0_34e_835x0_34e.jpg

Естеріңізге сала кетсек, жаңа саябақ Октябрь аралында салынуда. Онда заманауи жағажай, түрлі спорттық нысандар, жүгіруге арналған жолақтар, велосипед жолы, роллердром, скейтпарк, балалар алаңқайлары мен фудкорттар (тамақтанатын орындар), полиция мен медициналық пункт сияқты нысандар пайда болмақ.

Бүгінде саябақтың сыртына кем дегенде 200 автомобильсыятын көлік тұрағын да салған. Сондай-ақ, мұнда демалушыларға құтқарушылар мен медицина қызметкерлері тиісті көмек түрлерін көрсететін болады.

Саябақ аумағына көлікпен кіруге тыйым салынады. Мұндағы басты мақсат – демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сол сияқты итпен кірем деушілерге бөлек аумақ беріледі.

«Осы саябақта барлығы табиғи болуы керек. Тұрғындар мұнда тек демалуға ғана емес, табиғатқа бір табан болсын жақындау үшін келулері тиіс. Сондықтан, газондарды қырқып, қара жерді тегістеудің де қажеті жоқ», – деді аймақ басшысы. 


Өзгелердің жаңалығы