Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапханасы Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі, ақын Серік Ғабдуллаұлының 85 жылдық мерейтойына орай, «Сөйле, менің жүрегім...» атты облыстық поэзия байқауын жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
18-35 жас аралығындағы талапкерлер 10 желтоқсанға ukcbs@mail.ru электрондық поштасына шығармаларын жібере алады, деп жазды Altaynews.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мүшәйраға қатысушылар екі өлеңін жіберу керек. Біріншісі – Серік Ғабдуллаұлына арнау – бұл өлеңге ақынның өмірбаяны, шығармашылығы, қоғамдағы қайраткерлік қызметі және азаматтық болмысы өзек болуы шарт. Екіншісі – Тәуелсіздік тақырыбына арналған өлең.
Байқаудың шарты бойынша, туынды ешқайда жарияланбаған болуы тиіс. Мүшәйраға қатысушылардың мәнерлеп оқу шеберлігі, талғамды, киім киісі және сахнадағы жүріс-тұрысына да назар аударылады. 14 желтоқсан күні Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапханада жеңімпаздарды марапаттау рәсімі өтеді, - дейді ұйымдастырушылар.