Өскеменде қала ішінде топтасып жүрген бір топ ит тұрғындарды үрейде ұстап отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Редакциямызға хабарласқан оқырман мәселені көтеруге көмек сұрады. Оның айтуынша, бұл жағдай тек ересектерді емес, мектепке қатынайтын балалардың қауіпсіздігіне де алаңдаушылық туғызуда.
Әсел есімді тұрғын иттердің Өскемен қаласының КШТ ауданында, №41 мектеп маңында жүретінін айтты. Оның сөзінше, мектеп жанында балалар жиі жүретіндіктен ата-аналар бұл жағдайға қатты алаңдаулы.
Осы мәселеге байланысты қала әкімдігіне хабарласқанымызда, олар қаңғыбас иттерге қатысты жағдайдан хабардар екенін жеткізді.
Қаламыздың КШТ ауданында қаңғыбас иттер мәселесі туралы хабардармыз. Жауапты қызметтер жағдайды бақылауда ұстап отыр. Қаладағы жануарларды күтіп-бағу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін тиісті жұмыстар жүргізілуде: иттерді аулау, қауіпсіз орындарға жеткізу және тұрғындарға түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылған. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады. Тұрғындардың қауіпсіздігі бірінші орында. Қандай да бір төтенше жағдай болса, дереу тиісті қызметтерге хабарласуларыңызды сұраймыз, – деп жауап берді әкімдіктен.
9 млн теңге бөлінген
Қалада қаңғыбас жануарларды аулау бойынша жұмыстар да қолға алынған.
Биыл қаңғыбас иттерді аулау функциялары «Өскемен қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесіне берілген.
Қаңғыбас жануарларды аулау жұмыстарын ұйымдастыру үшін қалалық бюджеттен 9 млн теңге қаражат қарастырылған. Осы бағытта мемлекеттік сатып алу конкурстары өткізілген. Алайда әлеуетті мердігерлердің болмауына байланысты конкурс жарамсыз деп танылған.
Қазіргі уақытта қаланың аумағында қаңғыбас жануарларды аулау жұмыстарын орындау үшін мердігер ұйымды анықтау мақсатында қайта конкурс өткізу жоспарлануда, – деп мәлімдеді Өскемен қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі.
Тұрғындардың алаңдаушылығы
Қала тұрғындары қаңғыбас иттер мәселесі бұрын да қайғылы жағдайларға себеп болғанын еске алады. Сондықтан мұндай оқиғалар қайталана ма деген қауіп бар.
Еске салайық, бірнеше жыл бұрын Лесхоз кентінде 7 жасар қыз баланы ит талап, нәтижесінде ол алған жарақат салдарынан көз жұмған еді.
Осы жағдайдан кейін тұрғындар балалардың қауіпсіздігіне ерекше алаңдап, қала көшелеріндегі қаңғыбас жануарлар мәселесін қайта көтере бастады.