Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Өскеменде 18 сағат 39 минутта кесілген ағаштарды сақтайтын қоймада шыққан өрт толығымен ауыздықталды.
2020 жылдың 11 желтоқсанында сағат 16:00-де облыстық орталықтың құтқарушыларына Чистяков көшесіндегі кесілген ағаштар сақталған қоймада өрт шыққаны хабарланды. Өрт сөндіру жасақтары оқиға орнына бірден жетті. Өрт сөндірушілер келгенде қойманың шатыры, оның ішіндегі материалдар мен құрылғылар өртеніп жатты.
Өрт сөндірушілердің кәсіби машықтарының арқасында 480 шаршы метрді шарпыған өрт ауыздықталды. Өрт сөндіруге жеке құрамнан 50 адам, 13 бірлік техника жұмылдырылды. Зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығуына электрқұрылғыларды монтаждау және қолдану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталмауы себеп болуы мүмкін, - деп хабарлады ШҚО ТЖД баспасөз қызметі.
Белгілі болғандай, қойма қызметкерлері өртті өз бетінше сөндірмек болған. Шамалары жетпегеннен кейін, өрт сөндірушілерді тек 20 минуттан кейін шақырған. Өрт сөндірушілерді кеш шақырғаннан кейін қойманың көп бөлігі өртеніп кетті.