Өскеменде шалғай ауданда тұратын тұрғындар қоғамдық көлікті сағаттап күтетіндерін айтып, жиі шағымданады. Тасымалдаушылар бұл қолайсыздықтың басты себебін атады.
Жолаушылар тасымалын басқару орталығының мәліметінше, облыс орталығында 400-ге жуық автобус жүргізушісі жетіспейді. Бұл туралы Altaynews жазды.
Айта кету керек, мұндай жағдай тек облыс орталығында ғана емес, еліміздің басқа да өңірлерінде кездесетін көрінеді.
2015 жылы «D» санатындағы куәлік алу ережелері қатаңдатылған болатын. Бізде жүргізушілер бұрыннан жетіспейін, ал ереже қатаңдатылғандықтан жағдай тіптен күрделене түскен. Негізі автобус жүргізушілерінің жұмысы өте қиын. Қысқы кезеңде олардың барлығы бір ауысымда жұмыс істейді. Қаладағы тасымалдаушылар жаңа автобустар сатып алып жатыр, бірақ жұмыс істейтін ешкім жоқ, - дейді «Жолаушылар тасымалын басқару орталығы» ЖШС басшысы Нұрсұлтан Кәрібеков.
Айта кету керек, облыс орталығында "VoSka" ЖШС, "РОСТ" ЖШС, "Марат-М" ЖШС, "Вебас" ЖШС және "Бақытжол" ЖШС сияқты бірнеше ірі тасымалдаушылар жұмыс істейді.