- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Өскеменде ауа қауіпті ме? Казцинктегі жарылыстан кейінгі жағдай белгілі болды
Өскеменде ауа қауіпті ме? Казцинктегі жарылыстан кейінгі жағдай белгілі болды
Қазгидромет мониторинг нәтижесінде жоғары ластану тіркелмегенін мәлімдеді. Алайда экологтар мен депутаттар Өскемендегі жағдай бұрыннан күрделі екенін айтады.
-
Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
Гүлжан Раманқұлова - BAQ.KZ ақпарат агенттігінің аға тілшісі.
Бүгiн 2026, 15:22
Өскеменде орналасқан «Казцинк» кәсіпорнындағы жарылыс қоғамда үлкен алаңдаушылық туғызды. 2026 жылғы 5 мамырда кәсіпорындағы шаң жинайтын жабдықта жарылыс болып, салдарынан зардап шеккендер тіркелді. Оқиғадан кейін қала тұрғындары әлеуметтік желілерде ауа сапасына, ауыр металдардың таралуына және жалпы экологиялық жағдайға қатысты алаңдаушылықтарын ашық айта бастады. BAQ.KZ тілшісі сала мамандарымен және сарапшылармен тақырыпты талдап көрді.
Негізі Өскемендегі экология мәселесі жаңа тақырып емес. Қала ондаған жыл бойы Қазақстандағы ең ірі өнеркәсіп орталықтарының бірі саналады. Мұнда түсті металлургия, энергетика және ауыр өнеркәсіп кәсіпорындары шоғырланған. Сондықтан кез келген өндірістік апат қоғам назарын бірден экология мәселесіне бұрады.
Қазгидромет: «Жоғары ластану тіркелген жоқ»
Редакция сауалына жауап берген «Қазгидромет» РМК мәліметінше, жарылыстан кейін 5-6 мамыр күндері арнайы мониторинг жүргізілген.
Өскемендегі “Казцинк” кәсіпорнындағы жарылыстан кейін Шығыс Қазақстан және Абай облыстары бойынша филиал мамандары атмосфералық ауа сапасын 10 ластаушы көрсеткіш бойынша селитебті және санитарлық-қорғау аймағында тексерді. Мониторинг нәтижесінде жоғары және экстремалды жоғары ластану тіркелген жоқ, – деп хабарлады мекеме.
Қазіргі таңда Өскемендегі атмосфералық ауа сапасы 10 бақылау бекетінде, 9 автоматты станцияда, жылжымалы экологиялық зертхана арқылы бақыланады. Жалпы қала бойынша 23 түрлі көрсеткіш анықталады.
Автоматты бекеттер үздіксіз онлайн режимде жұмыс істейді. Бақылауда көміртегі оксиді, күкірт диоксиді, хлорлы сутегі, күкіртсутегі, азот диоксиді және аммиак бар. Сонымен қатар қолмен сынама алынатын бекеттерде ауыр металдарға – қорғасын, мыс, мырыш, кадмий, бериллийге ай сайын талдау жүргізіледі, – дейді «Қазгидромет».
Алайда мамандардың өзі Өскеменде қолайсыз метеорологиялық жағдайлар жиі тіркелетінін мойындайды.
Қолайсыз метеорологиялық жағдайларға байланысты кәсіпорындармен меморандум жасалған. Мұндай күндері олар зиянды шығарындыларды азайту бойынша шаралар қабылдайды, – делінген жауапта.
Сонымен қатар «Қазгидромет» ауадағы ластаушы заттардың нақты қай кәсіпорыннан шыққанын анықтау олардың құзыретіне кірмейтінін атап өтті.

«Экология мәселесі – ұлттық қауіпсіздік мәселесі»
Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы орталық аппаратының басшысы Бекберген Керейдің айтуынша, бұл жарылыс онсыз да күрделі экологиялық ахуалды одан әрі ушықтыруы мүмкін.
Өскемен – еліміздегі өндірістік жүктемесі ең жоғары қалалардың бірі. Қалада түсті металлургия, энергетика және ауыр өнеркәсіп шоғырланғандықтан, атмосфералық ауаға түсетін қысым онсыз да жоғары деңгейде. Осындай апаттар экологиялық жағдайды одан әрі күрделендіріп, ауа сапасының нашарлауына, тұрғындардың алаңдаушылығы мен әлеуметтік сенімсіздіктің күшеюіне әсер етеді, – дейді сарапшы.
Оның пікірінше, ең үлкен мәселе – ақпараттың дер кезінде әрі ашық жарияланбауы.
Халық қандай зат таралғанын, оның көлемі қандай екенін және қауіп деңгейін нақты білуі керек. Себебі экологиялық қауіпсіздік – тек табиғат мәселесі емес, бұл қоғамдық денсаулық пен ұлттық қауіпсіздік мәселесі, – деді Бекберген Керей.
Ауаға қандай заттар таралуы мүмкін?
Эколог өндірістік апаттар кезінде ауаға ауыр металдардың ұсақ бөлшектері мен улы қосылыстар таралуы мүмкін екенін айтады.
Әсіресе металлургиялық кәсіпорындарда қорғасын, мырыш, кадмий секілді адам ағзасына қауіпті элементтердің таралу қаупі жоғары болады, – дейді ол.
Сарапшының сөзінше, мұндай заттар қысқа мерзімде жөтел, тамақтың ашуы, көздің жасаурауы, бас ауруы, әлсіздік, аллергиялық реакциялар тудыруы мүмкін.
Ал ұзақ мерзімде тыныс алу органдары аурулары, жүрек-қан тамырлары дерттері, онкологиялық аурулар қаупі артады.
Ауыр металдардың топырақ пен суға түсуі экожүйеге ұзақ уақыт әсер етіп, азық-түлік тізбегі арқылы адам ағзасына жиналуы мүмкін, – деді ол.
Өскемендегі жағдай неге ерекше алаңдатады?
Сарапшылардың айтуынша, мәселе бір ғана жарылыста емес. Өскемендегі экологиялық проблема ондаған жыл бойы қордаланып келген.
Бекберген Керейдің сөзінше, қаладағы қолайсыз метеорологиялық жағдайлар мәселені күрделендіреді.
Кей кездері ауа сапасының нашарлауына байланысты мектептердің онлайн форматқа көшуі – экологиялық жүктеменің нақты көрінісі. Бұл жағдайдың қалыпты құбылысқа айналуы қоғамды ойландыруы тиіс, – деді ол.
Экологтың пікірінше, мәселе тек атмосфералық ауада емес.
Өндірістік қалдықтардың, ауыр металдардың топырақ пен су жүйесіне ұзақ жылдар бойы әсер ету қаупі де өте өзекті, – деді сарапшы.

Депутат: «Айыппұл төлеген зауытқа тиімдірек»
Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай да Өскемендегі экология мәселесі бұрыннан көтеріліп келе жатқанын айтты.
Өскемен қаласының экологиясына байланысты мәселе бұрыннан бар. Өйткені ірі зауыттар қаланың ішінде орналасқан. Халықтан шағым жиі келеді. Кейде тұманнан бағдаршамның өзі көрінбей қалады дейді, – деді депутат.
Оның пікірінше, қазіргі жүйеде кәсіпорындарға айыппұл төлеген тиімдірек болып отыр.
Инвесторларды міндеттеу керек. Біз жылда миллиардтап айыппұл саламыз. Бірақ оларға фильтр орнатқаннан гөрі айыппұл төлей салу жеңіл болуы мүмкін. Сондықтан айыппұл мөлшерін көтеру керек шығар. Сонда кәсіпорындар заманауи қондырғылар орнату туралы ойланады, – деді Мақсат Толықбай.

«Мәселе тек Өскеменде емес»
Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров бұл жағдай Қазақстандағы өндірістік қауіпсіздік мәселесінің өзектілігін көрсеткенін айтты.
Бұл тек Өскеменде немесе бір ғана кәсіпорында болған жағдай емес. Осындай оқиғалар басқа өндірістік аймақтарда да болып тұрады, – деді депутат.
Ол мысал ретінде Жапониядағы «Фукусима» апатын келтірді.
Тіпті ең дамыған мемлекеттердің өзінде мұндай жағдай болады. Бірақ басты мәселе – мұндай апаттардың алдын алу және жауаптыларды жауапқа тарту, – деді ол.
Депутаттың пікірінше, қауіпсіздік талаптарын күшейту қажет.
Келесіде басқа мекемелер бұған салғырт қарамайтындай ету керек. Сондықтан талаптарды қатаңдату және жауапты адамдарды міндетті түрде жауапқа тарту маңызды, – деді Қожаназаров.
Жүйелі проблема ма?
Сарапшылардың айтуынша, Өскемендегі жарылыс бірнеше жүйелік мәселені ашық көрсетті.
Бекберген Керей өндірістік қауіпсіздік жүйесіндегі әлсіздіктерді, экологиялық мониторингтің жеткіліксіздігін, тәуелсіз сараптаманың аздығын және ақпараттың жабықтығын атап өтті.
Қазір ең маңыздысы – тәуелсіз әрі ашық тексеру жүргізу. Нәтижелері қоғамға толық жарияланып, кінәлі тараптар заң аясында жауап беруі керек, – деді ол.
Сарапшы сонымен қатар елдегі барлық өндірістік нысанға кешенді аудит жүргізу қажет деп есептейді.
Экология мен экономика арасындағы тепе-теңдік
Өскемен Қазақстан экономикасы үшін маңызды индустриялық орталық болып қала береді. Алайда мамандар өнеркәсіптік даму мен экологиялық қауіпсіздік арасындағы тепе-теңдік мәселесі барған сайын өзекті болып бара жатқанын айтады.
Себебі экология мәселесі енді тек табиғатты қорғау тақырыбы емес. Бұл – халық денсаулығы, өмір сапасы және қоғамдық сенім мәселесі.
Ең оқылған:
- Украинадағы соғыс аяқтала ма? Келіссөзге дейінгі текетірес күшейді
- Ақтауда бір жарым жасар баланы көлік қағып кетті: Рөлде полицей болған
- Қазақстанда су тапшылығы күшейіп барады: Қай өңірлер қауіп аймағында?
- Түркияның бірінші ханымы Қазақстанда экологиялық зертхана ашты
- Трамптың Қытайға және Ердоғанның Астанаға сапары: Әлемдік саясатта не өзгерді?