Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Өскемен қаласында екіқабатты жатақхананың төбесі опырылып түсті.
Бұл туралы облыстық Төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.
Тынышпаев көшесіндегі 1950 жылы салынған жатақхананың төбе жабындысы құлағалы тұрған.
Оқиға орнына жедел жеткен құтқарушылар 2 тұрғынды эвакуациялады. 10 азамат сол жерден өз бетімен шығып үлгерген. Кинологиялық қызмет өкілдері Алеся атты иттің көмегімен жатақханада зардап шеккендердің бар-жоғын мұқият тексерді, - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Белгілі болғандай, қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Төбе жабындысының құлаған аумағы шамамен 8 шаршы метрді құраған.
Алдын ала мәлімет бойынша, үйде 50 адам тұрады. Қазіргі уақытта оқиға орнын полиция қызметкерлері қоршап тастады. Сол жерде комиссия мүшелері жұмыс істеп жатыр.