Өскемен, BAQ.KZ тілшісі. «Көктем-2019» республикалық командалық оқу-жаттығулар аясында дайындықтарын пысықтаған облыс орталығының құтқарушылары жаттығу орны ретінде өткен жылы қарғын судан тұрғын үйлері ең көп зардап шеккен Меновное ауылын таңдап алды.
Синоптик мамандардың хабарлауынша, ақпанның соңы, наурыздың басын ала өңірде күн күрт жылынатын көрінеді.
Осы себепті мамандар үшін бүгінгі күнгі басты мақсат — аяқ астынан орын алатын апатты жағдайдың алдын алу.
«Оқу-жаттығу өткізілген учаске өткен жылғы жағдайды зерделей отырып таңдап алынды. Өткен жылы Меновное ауылының осы бөлігінде 27 тұрғын үй мен 68 аула тасқын судан зардап шеккен болатын. Осы себепті біз оқу-жаттығуды тәжірибемен ұштастыра отырып жүргізудеміз. Қазіргі уақытта төтенше жағдайлар қызметі көктемгі су тасқынына сақадай сай. Өскемен қаласы әкімдігімен осы бағытта бірлескен іс-шаралар жоспарын жасап, бекіттік», - деді Өскемен қалалық ТЖБ басшысы Андрей Андрейко.
Оқу-жаттығуға заманауи техникалар жұмылдырылып, үйлерін су басты деген тұрғындар қауіпсіз жерге көшірілді.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметінің техникалары қар мен қоқыс бітеген арықтарды тазалап, Ұлттық Ұлан жауынгерлері 200 қап құм мен инертті материалды жағалауға төседі.
«Өткен жылы үйіміздің жанындағы арықтың көпірі бітеліп, көтерілген су ауламызға түгелдей жайылып кетті. Үйдің жертөлесіне дейін кірген судан аяқ алып жүру мүмкін болмай қалған еді. Балаларымыз үйден мүлдем шықпады. Биыл арықтың арнасы тазаланып, көпірі жөнделсе игі болар еді», - дейді Меновное ауылының тұрғыны Жақсыгелді Оқапов.
Қоса кетсек, бұл жолғы оқу-жаттығуларға барлығы 16 техника мен жеке құрамның 66 қызметкері жұмылдырылды.
Шара соңында қатысушылар бір уақытта 60 зардап шегушіні қабылдайтын «Үлбі» медициналық-әлеуметтік мекемесінде болып қайтты.
Азамат ТЕМІРБЕКОВ
Фото: Өскемен қалалық ТЖБ