2024 жылғы 24-27 қазанда ҚР ОСК Төрағасы Нұрлан Әбдіров Грузия Республикасының ОСК төрағасы Гиоргий Каландаришвилидің шақыруымен парламенттік сайлауды байқауға қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл Грузиядағы электронды және дәстүрлі форматта өткен алғашқы жалпыұлттық сайлау. Атап айтқанда, сайлаушылардың 90%-ға жуығы сайлаушыларды тексеру және дауыстарды санау бойынша электрондық сайлау машиналары арқылы сайлау учаскелерінде дауыс беруге мүмкіндік алды. Сондай-ақ, сайлау алғаш рет толығымен пропорционалды жүйе бойынша өтті. Сайлауға қатысу 58%-дан асты.
Парламенттік сайлауды шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың 1,7 мыңнан астам өкілі және 23 мыңнан астам жергілікті байқаушылар байқады.
Сайлауды халықаралық байқау шеңберінде 25 қазанда екі елдің Ортсайлауком басшылары Қазақстан мен Грузияның орталық сайлау органдары арасында Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
Меморандумға қол қою бірлескен іс-шаралар: консультациялар, конференциялар, электоралдық технологиялармен алмасу және т.б. іс-шаралар өткізу арқылы екіжақты кәсіби ынтымақтастықтың сапалы жаңа деңгейге шығуына мүмкіндік туғызады, - деп атап өтті Нұрлан Әбдіров.
Ол сондай-ақ тиімді халықаралық байқау үшін қажетті жағдайлар жасағаны үшін ризашылығын білдірді.
ҚР ОСК халықаралық сайлау тәжірибесін, практикасын және басқа елдердің сайлау және референдумдар туралы заңнамасын белсенді зерттеуде екенін айта кету керек.
Сапар аясында сондай-ақ Черногория Республикасы Мемлекеттік сайлау комиссиясының Төрағасы Никола Мугосамен, Латвия Республикасы ОСК Төрағасының орынбасары Байба Вейспен, АҚШ Сайлауға жәрдемдесу комиссиясының мүшесі Кристи МакКормикпен, Моңғолия Бас сайлау комиссиясының мүшесі Дугардоржийн Баяндуурэнмен және басқа елдердің орталық сайлау органдарының өкілдерімен екіжақты кездесулер өтті.
Кездесулерде ОСК Төрағасы әріптестеріне ел Президенті бастамашылық еткен және 2022 жылғы республикалық референдум барысында халық қолдаған 2022 жылғы конституциялық реформаға байланысты Қазақстандағы сайлау саласындағы елеулі өзгерістер, сондай-ақ Қазақстанда АЭС салу бойынша өткізілген референдумның қорытындыларына, референдум заңнамасының новеллалары туралы егжей-тегжейлі хабардар етті.
26 қазанда дауыс беру күні ҚР ОСК басшысы Тбилиси және Мцхета қалаларындағы бірқатар сайлау учаскелеріне барды. Барған учаскелерде жұмыс атмосферасы болды, сайлау комиссиялары құзыреттілігін көрсетті. Учаскелік комиссиялардың құрамында негізінен әйелдер мен орта және үлкен жастағы адамдар бар. Штаттан тыс жағдайлар болған жоқ.
Сонымен қатар, ҚР ОСК Хатшысы Мұхтар Ерман және ЕҚЫҰ/ДИАҚБ қысқа мерзімді миссиясының құрамында ҚР ОСК аппаратының халықаралық ынтымақтастық бөлімінің меңгерушісі Дәмегүл Қабиева Молдова Республикасында 2024 жылғы 20 қазанда өткен президенттік сайлауды және елдің ЕО-қа мүшелігі туралы референдумды байқады. ҚР ОСК мүшесі Шавхат Өтемісов бастаған Қазақстан делегациясы 2024 жылғы 27 қазанда өткен Өзбекстан Республикасындағы парламенттік және жергілікті сайлауға халықаралық байқауды жүзеге асырды.
АҚШ Сайлауға жәрдемдесу комиссиясының шақыруы бойынша ҚР ОСК Төрағасы бастаған Қазақстан делегациясы 2024 жылғы 5 қарашада өтетін АҚШ-тағы президенттік сайлауға халықаралық байқауға қатысуы жоспарланғанын айта кету қажет.