Құрылтай депутаттарының сайлауына қатысатын саяси партиялар партиялық тізімдерді қалыптастыру кезінде де, депутаттық мандаттарды бөлу кезінде де әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар үшін заңнамада көзделген 30 пайыздық квотаны сақтауға міндетті. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Орталық сайлау комиссиясының отырысында Нұрлан Әбдіров Құрылтай депутаттарының сайлауын өткізу кезінде заңнамада гендерлік және әлеуметтік квотаның міндетті түрде сақталуы қарастырылғанын еске салды.
Құрылтай депутаттарының сайлауына 145 депутаттық мандат үшін бақ сынайтын жеті саяси партия қатысады. Партиялық тізімдерді қалыптастыру кезінде әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар үшін заңнамада белгіленген 30 пайыздық квота сақталды, -— деді ОСК басшысы.
Оның айтуынша, бұл талап кандидаттарды ұсыну кезеңіне ғана емес, сонымен бірге сайланған депутаттар арасында мандаттарды кейіннен бөлу процесіне де қатысты.
Бұл квота сайлау қорытындысы бойынша саяси партиялар алған депутаттық мандаттарды бөлу кезінде де сақталуы тиіс, - деп атап өтті Әбдіров.
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы кандидаттардың партиялық тізімдерін тіркеу 23 шілде күні сағат 18:00-ге дейін жалғасатынын хабарлады. Бұл кезеңде ОСК уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп, барлық кандидаттың Конституция мен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заң талаптарына сәйкестігін тексереді.
Кандидаттардың заңнама талаптарына сәйкестігі мәселелерін, сондай-ақ әрбір партиялық тізімді тіркеуді Орталық сайлау комиссиясы алдағы отырыстарда әрбір саяси партия бойынша жеке-жеке қарайтын болады, - деп атап өтті ол.
Құжаттарды тексеру аяқталғаннан кейін ОСК партиялық тізімдерді тіркеу туралы шешім қабылдайды. Осыдан кейін ғана саяси партиялар сайлау науқанының келесі кезеңіне ресми түрде кірісе алады.