Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Орталық сайлау комиссиясы мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі арасында сайлау учаскелерінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жағдай жасау туралы меморандумға қол қойылды.
Құжатқа қол қою рәсіміне Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев пен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев қатысты.Министр елімізде 680 мың мүмкіндігі шектеулі азамат барын, оның ішінде 500 мың адамның дауыс беруге құқылы екенін атап өтті.
"Мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығы туралы конвенцияны мақұлдай отырып, Қазақстан өзіне міндеттемелер алды. Сондықтан 2 жыл бойы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірігіп жұмыс жүргіздік", - деді ОСК төрағасы.
Кезектен тыс президент сайлауына дейін жергілікті атқарушы биліксайлау учаскелерінде мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін жағдай жасауы тиіс.
"Осыған дейін "Сайлау туралы" заңға өзгерістер енгізілді. Ол бойынша жергілікті атқарушы органдар сайлау учаскілерін дайындаған кезде мүгедектерге арнайы жағдай жасауы керек. Сайлауға келген көзі көрмейтін, құлағы естімейтін және арбаға таңылған азаматтарға жеке-жеке тиімді қызмет көрсетуге мүмкіндіктерді қарастырдық", - деді ОСК мүшесі Ләззат Сүлеймен.
ОСК мәліметінше, еліміздегі кезектен тыс президент сайлауына 11 млн 814 мың 19 адам қатысады.