"Өшіру мен шектеу": Маман алдағы 3 жылда электр қуаты тапшылығын сезінетінімізді айтты

28 Мамыр 2024, 15:45
1105
Бөлісу:
"Өшіру мен шектеу": Маман алдағы 3 жылда электр қуаты тапшылығын сезінетінімізді айтты
Фото: автордан

Бұл туралы "Қазақстандағы атом энергетикасын дамыту перспективалары" тақырыбындағы мүдделі тараптардың форумында ҚР Инженер-энергетиктер одағының бас директоры Марат Дулкаиров айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазақстанның солтүстігі мен оңтүстігі электр қуатынан тапшылықта тұр. Былтырғы жылды киловатт-сағатпен алатын болсақ, өзіміз 112 миллиард киловатт-сағат электр қуатын өндіріп, 115 миллиард киловатт-сағат тұтындық. Яғни, жалпы Қазақстан бойынша да өзіміз өндіргеннен көп тұтындық, – деді ол.

Марат Дулкаиров автономды түрде жұмыс істейтін батыс өңірінің өзі де электр қуатынан тапшылықта екенін айтты. "Батыстың ең болмағанда Ресей Федерациясымен байланысы бар" деді маман. Ал оңтүстік өңірдегі жағдай тіпті күрделі.

"Өшіру мен шектеу": Маман алдағы 3 жылда электр қуаты тапшылығын сезінетінімізді айтты

Оңтүстік өңірді алайық. Оған Алматы, Балқаштан төмен 6 облыс жатады. Бұл – Қазақстан халқының 50 пайызы. Қазақстанның оңтүстігінде электр қуатының тапшылығы 55 пайызды құрайды. Бұдан ары қайда барамыз? – деді ол.

Сондай-ақ Марат Дулкаиров алдағы 2-3 жылда электр қуаты тапшылығын электр энергиясын өшіру мен шектеу түрінде сезінетінімізді айтты.

Міне, тапшылық осында, инвестиция құю керек. Мен бұл туралы бірнеше жылдан бері айтып шаршадым. Бұл форум атом электр станцияларының қажеттігі туралы айтатын соңғы форум болсыншы. Шешім қабылдау керек. Бұдан да үлкен тапшылықты бастан өткермей тұрғанда Өзбекстан сияқты сөзден іске көшейік, – деді ол.

Айта кетейік, форумды "Қазақстандық атом электр станциялары" ЖШС Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігімен бірлесіп өткізіп жатыр.

Форумның негізгі мақсаты – атом энергетикасын дамыту жоспарларын, оның ішінде Қазақстанда атом электр станциясын салуды бірлесіп талқылау үшін мүдделі тараптарды бір пікірталас алаңында біріктіру.

Өзгелердің жаңалығы