Қосанов: ЖСДП-дан 7 жылдан бері хабарым жоқ

10 Қыркүйек 2019, 17:34
2520
Бөлісу:
Қосанов: ЖСДП-дан 7 жылдан бері хабарым жоқ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Мәжілісте әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс жобасы таныстырылды.

Заң жобасын талқылауға қоғам өкілі ретінде қатысқан саясаткер Әміржан Қосанов отырыстан кейін тілшілердің бірнеше сауалына жауап берді.

Ол алдымен митинг туралы заң жобасына қатысты пікірін білдірді.

«Митингке шыққан азаматтар әкімшілік жазаға тартылады. Сондықтан президенттің өзі митингілер туралы заңды өзгерту керектігін айтты.  Ең маңыздысы, қай деңгейге дейін өзгерте алады, қай деңгейге дейін еркіндік бере алады? Митингті Қазақстан азаматтары қаланың ортасында өткізе ме әлде Алматы секілді мегаполистің шетіне барып өткізе ме? деген сұрақты тиісті ведомстводан келген өкілге қойдым. Өйткені бізде құқықтық және заңдық үстемдік бар. Өкінішке қарай, заңның үстемдігі құқықтық үстемдіктен басым болып кетеді. Жалпы, әкімшілік процессуалдық кодекстің басты мақсаты  - қарапайым азамат яғни 18 миллион қазақстандықтың мемлекеттік әкімшіліктің арасын жеңілдету. Әзірге  мен түбегейлі өзгерісті көріп тұрған жоқпын», - дейді Қосанов.

Президент сайлауынан кейін белсенділігі азайып кеткен саясаткер немен айналысып жүргенін айтты.

«Мен Алматыда тұрамын. Осында заң жобасын талқылау үшін қоғам қайраткері ретінде шақырды.   Көптің бірі болып келдік. Үлкен саясатқа 22 жылымды арнаған адаммын. Саясат деген күнде экраннан жылтыңдай беру емес. Президент сайлауынан кейін өткенді саралап, тиісті шешім қабылдап жатырмын», - дейді қоғам белсендісі. 

Сондай-ақ, ол Ермұрат Бапи туралы ойымен бөлісті.

«ЖСДП партиясынан кеткеніме 7 жыл болды. Мен Ермұрат Бапиді нағыз демократ, нағыз оппозициялық қайраткер, реформатор ретінде білемін. Шын мәнінде ЖСДП-ға өзгеріс енгізгісі келді. Бірақ ол партияның ішкі мәселесі. Мен ол партияның мүшесі емеспін. Жармақан Тұяқбаймен құруға үлес қостым. Дегенмен, 7 жылдан бері хабарым жоқ», - дейді Әміржан Қосанов.

Өзгелердің жаңалығы