Орынбордағы су БҚО-ға 17-19 сәуір күні келеді - мамандар болжамы

13 Сәуір 2024, 15:44
747
Бөлісу:
Орынбордағы су БҚО-ға 17-19 сәуір күні келеді - мамандар болжамы
Фото: Орталық коммуникациялар қызметі

Батыс Қазақстан облысында су тасқынының екінші кезеңіне дайындық жұмыстары күшейтілген режимде жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жағдай әлі де күрделі. Ресейдің Орынбор облысындағы су көздерінен Жайық өзеніне көп көлемде су түсуде. Судың көбею қарқыны жылдам. Соның салдарынан Ақжайық, Бөрілі, Бәйтерек, Теректі аудандарының 80 астам елді мекені, сондай-ақ Жайық өзенінің бойында орналасқан Орал қаласының аумақтарын су басу қаупі бар, деді өңір әкімінің баспасөз қызметінің басшысы Ерхан Тәткен ОКҚ алаңында өткен брифингте.

Мамандардың болжамына сәйкес, Орынбор қаласынан су облысқа 17-19 сәуір күні келеді. 

Су тасқынының алдын алу бойынша жұмыстар тәулік бойы жүргізілуде. Бүгінде облыс бойынша Жайықта ұзындығы 72 км болатын бөгет салынып, өзен жағасы нығайтылды. Қазіргі уақытта өзеннің бойындағы қауіп төніп тұрған елді мекендерден тұрғындарды эвакуация жұмыстары жүргізіліп жатыр. Адамдарды қауіпсіз жерге орналастыру үшін сыйымдылығы 8596 орынға есептелген 161 уақытша орналастыру пункті дайындалды. Бүгінгі таңда облыс бойынша эвакуациялық пунктерде 2 мыңға жуық адам бар. Оған қажетті заттар мен азық-түлік, киім-кешектер уақытылы жеткізілуде, - деді ол.

Сонымен қатар, зардап шеккен тұрғындардың шығынын есептеу бойынша арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Бүгінде 677 отабсыға 125 млн теңге көлемінде біржолғы әлеуметтік көмек берілді. Бұл жұмыстар жалғасын табады.

Өзгелердің жаңалығы