Өрттің көбі неге саяжайдан шығады?

24 Тамыз 2020, 18:00
1923
Бөлісу:
Өрттің көбі неге саяжайдан шығады?
PHOTO
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жыл басынан бері тек Нұр-Сұлтан қаласының Есіл ауданында 9 иіс тию фактісі тіркелді. Зардап шеккендердің алтауы балалар.  

WhatsApp Image 2020-08-24 at 17.46.29.jpeg

Бұл туралы Пригородный ауылының жылыту маусымына дайындығын пысықтаған рейд барысында Нұр-Сұлтан қалалық Есіл ауданы Төтенше жағдайлар басқармасы басшысының орынбасары Рамазан Мейірманов мәлім етті.

Жылыту маусымы басталмай жатып, өткен аптада үш адам көміркышқыл газына уланып қалған.

21 қыркүйектен 22 кыркүйекке қараған түні елорда іргесіндегі Пригородный ауылының тұрғыны Гүлсім Толымбет пен оның 8 және 5 жастағы қыздары бір ажалдан аман қалды. 

Күндіз от жаққан үй иелері түнде иіс тиіп ауруханаға түскен. Үйде болған екі ұлы да түтіннен зардар шекті. Алайда, жағдайлары жақсы болғандықтан, жедел жәрдем көмегі ғана көрсетілді. Тағы да төрт періште тілсіз жау құрбанына айнала жаздады.

WhatsApp Image 2020-08-24 at 17.48.00.jpeg

Күн салқын болған соң балалар тоңбасын деп от жақтым. Бастапқыда түтіндеп дұрыс жанбады, иіс барын сездік, желдеткен болдық. Алайда, түнде қыздар құсып, өзім әлсірей бастадым, - дейді Гүлсімнің өзі.

Жұбайы екеуінің төрт баласымен осы ауылдағы аядай екі бөлмені паналап келе жатқанына 10 жылдың жүзі болыпты. 

Айтуынша, жыл сайын пеш мұржасын тазалап отыратын отағасы осы жолы үйде болмаған. Осы оқиғадан кейін Есіл аудандық ТЖБ қызметкерлері олардың үйіне де иіс тиюдің алдын алатын құрылғы орнатып кеткен.

Жалпы осы ауылда Гүлсім сияқты көпбалалы және тұрмысы төмен 200-ге жуық отбасы тұрады. Көбі табыс іздеп, әр өңірден келгендер. Саяжай аумағы болып саналатын осы жерден арзан пәтер жалдап, үнемдеушілер, үйдің жағдайына емес, ақысына көбірек назар аударатындар...

WhatsApp Image 2020-08-24 at 17.50.45.jpeg

Жыл сайын жылыту маусымының алдында көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларға Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен иіс тиюдің алдын алатын арнайы құрылғылар орнатып, өзімізге тиесілі аумақтағы жекеменшік тұрғын үй секторының өрт қауіпсіздігі ережелерімен таныстырып, пеш, мұржаларының жағдайына қатысты нұсқаулық береміз. 15 тамыздан бері 22 үйге иіс тиюдің алдын алатын құрылғы орнатып үлгердік. Жалпы саны 198 үйді қамтамасыз етуіміз тиіс. Бұл құрылғының артықшылығы – үйде көмірқышқыл газы шамадан тыс болып кетсе, ол сигнал береді. Бүгінгі рейдтің мақсаты да сол, - дейді Есіл аудандық Төтенше жағдайлар басқармасы басшысының орынбасары. 

Рейд жүргізген қызметкерлерінің айтуынша, өрт пен иіс тиюге себеп болатын басты фактор - тұрғындардың жылыту маусымы дайындығына салғырт қарауы.

WhatsApp Image 2020-08-24 at 17.55.29.jpeg

15 қыркүйектен бері тек осы Пригородный ауылының өзінде 300-ден астам үй тексеріліп, 500-ге жуық өрт қауіпсіздігін бұзу фактілері тіркелді. Демек бір үйден бірнеше талапқа сай емес жағдай кездеседі деген сөз. 

WhatsApp Image 2020-08-24 at 17.54.08.jpeg

Біз оларды жауапқа тарта алмаймыз. Бұл біздің құзіретімізге кірмейді. Тек нұсқаулық беріп, өрт жағдайына алып келуі мүмкін кемшлікті түзеуге кеңес береміз. Қайта келіп тексеріміз. Құлақ асатындар шамалы, шыны керек. Өрттің көбі неге саяжайлардан шығады? Өйткені мұндағы үйлер қыс маусына лайықталмаған, времянкалар көп. Пәтер жалдаушылар пештің жағдайын түзеуге құлықсыз. Тіпті, үйге кіргізгісі келмейтіндер болады. Оларға күш көрсетуге, баса-көктеп кіруге біздің хақымыз жоқ, - дейді Есіл аудандық ТЖБ инспекторы Ермек Исмаилов.

WhatsApp Image 2020-08-24 at 17.53.43.jpeg

ТЖБ қызметкерлерінің сөзіне сүйенсек, олар рейдті жұмыстан тыс көбінесе сенбі, жексенбі күндері жүргізуге мәжбүр. Өйткені тұрғындарың көбін апта ортасында табу қиын. 

Осы ауданның тұрғыны Мадина Өтемұрат та рейдтің жиі жүргізілетінін растады. Ол өрт пен иіс тиюге тек тұрғындар ғана емес, пәтерді жалға беретіндер де кінәлі деген пікірде.

Мұнда пәтер жалдап тұратын көп, өте көп. Олар үйдің қандай материалдан тұрғызылғанын, тоқтарының жағдайы мен пештің, мұржаның қалай салынып, соңғы рет қашан тазаланғанымен таныс емес қой. Өзі нәпақа табумен басы қатып жүрген адам көп бағасына жалпы жағдайына қарайды да ала салады. Артынан қайғылы оқиғалар орын алып жатады. Осыған пәтерді жалға беретіндер салғырт қарамаса екен. Үйге адам кіргізбес бұрын пештің жағдайын жөндеп берсе, тым болмаса ескертсе де артық болмас еді, - дейді ол.

Өзгелердің жаңалығы