Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай Ұлттық статистика бюросы экологияға қатысты деректерді ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Табиғатты қорғау қызметінің түрлері бойынша қоршаған ортаны қорғауға жұмсалған шығындар жылдан жылға артып келеді. Бес жыл ішінде қоршаған ортаны қорғауға жұмсалған жалпы шығын 47,1% – 2018 жылғы 302 млрд теңгеден 2022 жылы 445 млрд теңгеге дейін өсті.
Орман ресурстары бойынша 2022 жылы орман қорының ауданы 30,9 млн га, сол жылы 135,8 мың га орман қалпына келтірілді. Соңғы бес жыл ішіндегі орман өртінің ең көп саны 2023 жылы тіркелді – 810 жағдай (2019 ж. – 628 жағдай). Өрттен келтірілген ең үлкен залал 2022 жылы болды, шығын көлемі 20,5 млрд теңге.
Соңғы жыллдары қалада да, ауылда да халықтың су қызметтеріне қолжетімділігі айтарлықтай жақсарды. Егер 2018 жылы сумен қамту қала тұрғындарының 94,5% қолжетімді болса, 2022 жылы бұл көрсеткіш 98,4% болды, ауылдық жерлерде сәйкесінше 59,9%-дан 94,8% дейін өсті. Сондай-ақ су тұтыну көлемі де өсті, егер 2018 жылы жан басына шаққандағы тұтыну 30,3 м3 болса, 2022 жылы бұл көрсеткіш 33,8 м3 болды, - делінген хабарламада.
2018 жылмен салыстырғанда стационарлық көздерден атмосфераға таралған ластауыш заттардың шығарындылары 2022 жылы 5,5% азайды. Осылайша, 2022 жылы жан басына шаққандағы ластаушы заттар шығарындыларының көлемі бір адамға 118 кг.
Елімізде жиналған коммуналдық қалдықтардың жалпы көлемінің біртіндеп ұлғаюы байқалады. 2019 жылы 2 913 мың тонна қалдық жиналса, 2023 жылы бұл көрсеткіш 3 298 мың тоннаға дейін өсті. Сондай-ақ өңдеуге жіберілген қалдықтар көлемінің де артуы байқалады: егер 2019 жылы ол 151 мың тонна болса, 2023 жылы 390 мың тонна болған.