Өртенген мүлік, өксіген халық

7 Қыркүйек 2022, 22:36
2745
Бөлісу:
Өртенген мүлік, өксіген халық
PHOTO
Фото: автордан

Қостанайдағы өртенген мүліктердің иелері мен тірегінен қапияда көз жазып қалған өксіген халыққа қала билігі екі жүз жиырма мың теңгеден артық ешқандай қолдан келер қайырымыз жоқ деп отыр, деп хабарлайды Қостанай облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Айдың-күннің аманында «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен алған» секілді Аманқарағайдың ну орманы қызыл жалынға оранғанда Қостанай қаласында да алапат өрт болып, төрт азамат ажал құшты. Қару сататын дүкен жарылып, маңайындағы бизнес нысандарымен 8 баспананың шаңырағын ортасына түсірді. 

Жоғарыда аталған қаражат Қостанай қалалық әкімдігінің әлеуметтік қорғау бөлімі арқылы осы қыркүйектің 14-іне дейін зардап шеккен әр отбасының жеке есеп шотына түспек. Бұл жөнінде Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаев «Қару-жарақ палатасы» дүкенінің жанында орналасқан жеке үйлердің тұрғындары мен өрттен қаза тапқан төрт отбасының мүшелерімен кездесу барысында мәлімдеді.

Өртенген мүлік, өксіген халық

Өткен сенбі, 3 қыркүйек күні Қостанайда үлкен өрт болды. Өкінішке орай, салдарынан зардап шеккендер бар. Төрт бірдей адам қаза тапты. Қаза болған азаматтардың отбасына жеке өзім атымнан, Қостанай қаласының әкімдігінің және Қостанай тұрғындарының атынан қайғырып көңіл айтамын. Сонымен қатар осы қару сататын дүкенмен көршілес салынған 4 тұрғын үй, 6 кәсіпкерлік нысан және 6 автокөлік қатты зардап шекті. Оқиға орнында полицияның бас прокуратурамен бірлескен тергеу тобы жұмыс істеп жатыр. Нәтижесі анықталғанда құзырлы органдардың өздері хабарлайтын болады, – дейді қала әкімі Марат Қонысбайұлы.

Қолда бар деректерге сүйенсек, қару дүкеніне өрт қауіпсіздігі ережелері сақталмағандығына байланысты қылмыстық іс қозғалыпты.

Бізде «Suiikti Qostanai» деп аталатын қор бар. Онда жиналған барлық қаражат зардап шеккендерге және қаза тапқандардың отбасыларына көмекке жұмсалады. Ал зардап шеккен бизнес өкілдеріне «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы көмектесетін болады. Қор қаражатынан материалдық көмек шамамен 10 қыркүйекте көрсетілетін болады. Әкімдіктің заң бөлімі тұрғындардың құжаттарын қалпына келтіру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Егер құжаттарыңыз жоғалып немесе өртеніп кетсе осы арадан қалпына келтіре аласыздар. Өрт болған сәттен бастап тұтас көше бойындағы 68 үйде газ өшірілді. Барлық тергеу әрекеттерінен кейін ол үйлерге газ береміз. Әзірге телефон байланысы, су мен электр қуаты қалпына келтірілді. Өрттен кейін оқиға орнында жұмыс істеген сарапшылар зардап шеккен барлық тұрғын үйлер мен ғимараттарды қалпына келтіруге болатынын айтты, – дейді қала әкімі.

Өртенген мүлік, өксіген халық

Қала әкімінің қабылдауында Назарбаев даңғылы бойындағы 119 үйдің тұрғыны Ұлпан Әмірова да болды. Оның үйі өртенген қару дүкенінің дәл іргесінде тұрған. Аяқ астынан ойламаған жерден лап берген тілсіз жау оның екі қабат зәулім үйінің екінші қабатынан түк те қалдырмапты.

«Қазір тергеу жұмыстары қару сататын дүкен иесін кінәлі деп санайды. Сосын ол бізге шығынды өтеуі керек. Егер оның қаражаты жоқ болса біз не істеуіміз керек? Көшеде қалуымыз керек пе?» деген Ұлпан Әмірованың сұрғына қала әкімі келесідегідей жауап берді.

Өртенген мүлік, өксіген халық

Өкінішке орай, бюджеттен ақша бөле алмаймыз, тергеу шараларының аяқталуын күтіп, кімнің кінәлі екенін анықтайық. Қалай болғанда да, сізді ешкім далаға  қалдырмайды, – деп қала әкімі қысқа қайырып жауап берді.

Сонымен өртенген мүлкі мен арқа сүйер азаматынан айдың-күннің аманында айрылып қалып өксіген халық құр сүлделерін сүйретіп, әкімдіктен шығып кетті.

Өзгелердің жаңалығы