Қазақстанның соңғы жаңалықтары

"Орташа табыс қақпаны” деген не? Қазақстан оған ілікті ме? – мамандар пікірі

Бөлісу:
 BAQ.KZ коллажы
Фото: BAQ.KZ коллажы

Қазақстанда 2025 жылдың үш тоқсанында орташа номиналды жалақы 429 мың теңгені құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10% жоғары. Алайда тоқсан бойынша қарасақ, өсім тек 1,5% (6 235 теңге) болған. Формальды өсімге қарамастан, қазақстандықтардың нақты тұрмысы әлі де осал болып отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Turkistan газетіне берген сұхбатында кірістер көбінесе ипотека, кредиттер және міндетті шығыстарда «жойылып кететінін», ал экономиканың құрылымы тым баяу өзгеретінін атап өтті. Оның сөзінше, халықаралық сарапшылар Қазақстанның орташа табыс қақпанына тап болғанын әділ бағалайды. Бұл абстракция емес, ел тұрғындары күнделікті бетпе-бет келетін шындық.

Осы орайда BAQ.KZ экономистермен бірге «орташа табыс қақпаны» ұғымының нақты мәнін, бүгінгі күні Қазақстанда оның қандай белгілері барын және жақын жылдары экономикалық және құрылымдық реформалар арқылы осы кедергіні жеңу мүмкін бе деген талдау жұргізіп көрді.

«Орташа табыс қақпаны» ұғымы халықаралық экономикалық аналитикада ұзақ уақыттан бері қолданылады. Бұл елдің тез өсу мен кедейліктен шығудан кейін ұзақ уақыт орташа кіріс деңгейінде «қалып қоюын», әрі дамыған экономикаларды қуып жету мүмкіндігін жоғалтатын жағдайды сипаттайды.

Бастапқы кезеңдерде өсім арзан еңбек күші, шикізат экспорты және технологияларды қолдану арқылы қамтамасыз етіледі. Алайда жалақы мен шығыстар өскен сайын бұл артықшылықтар жойылып, экономикалық модель күрделірек бағытқа өтпесе, даму қарқыны бәсеңдейді.

Экономист Андрей Чеботаревтің пікірінше, бұл мәселе уақытша емес, құрылымдық сипатқа ие.

Экономикалық дамудың бастапқы кезеңдерінде өсу әдетте арзан еңбек күші, базалық инфрақұрылымға инвестициялар және технологияларды қолдану арқылы қамтамасыз етіледі. Бірақ кірістер мен жалақы артқан сайын бұл бәсекеге қабілеттілік көздері таусылады. Егер экономика инновациялар, жоғары өнімді секторлар және қосылған құны жоғары өнімдерді экспорттау бағыттарына көшпесе, өсу бәсеңдейді. Ал ел ұзақ уақыт бойы орташа табыс деңгейінде қалып қояды, - дейді сарапшы.

Оның бағалауынша, Қазақстан дәл осы қауіп аймағында орналасқан. Ел ұзақ уақыт бойы төмен табыс деңгейінен өтіп, орташа табыстың жоғарғы шегіне жақындаған. Алайда жоғары табысты экономикаға өтетін тұрақты белгілер әлі байқалмайды. Бұл еңбек өнімділігінің әлсіз өсуі, инновациялардың шектеулі рөлі және экспорт құрылымының тар болуымен көрінеді.

«Орташа табыс қақпанының» негізгі белгілері – тұрғындар басына шаққандағы ЖІӨ өсімінің бәсеңдеуі, еңбек өнімділігінің стагнациясы, нақты табыстың әлсіз өсуі және экономиканың шектеулі әртараптандырылуы, - дейді Андрей Чеботарев.

Оның сөзінше, Қазақстанда бұл белгілер айқын көрінеді. Ал шикізат секторына тәуелділік экономиканың сыртқы соққылар мен баға конъюнктурасының осал болуына әкеледі.

Басқа экономистер де елдің дамудың келесі сатысына өтуіне кедергі келтіретін жүйелік шектеулерге назар аударады. Экономика әлі де негізінен мұнай, газ және металл өндірісіне сүйенеді, ал шикізатқа қатысты емес және жоғары технологиялық секторлар баяу дамып, өсу драйверіне айнала алмай отыр.

Экономист Бауыржан Ысқақов жағдайды түсіндіріп, елдегі тұрғындар табысының өсуі тұрақсыз екенін атап көрсетеді.

Экономика көрініс бойынша өсіп жатқан сияқты. Бірақ халықтың тұрмысы әрдайым нақты қарқынмен артып келе бермейді. Кірістер көбіне инфляция, кредиттік жүктеме және міндеттемелер арқылы «жойылып» кетеді. Сол уақытта қосылған құны жоғары жұмыс орындары баяу құрылып, еңбек өнімділігі негізінен шикізат циклдеріне байланысты өседі, технологиялық өзгерістер есебінен емес, - деп түсіндіреді ол.

Эксперттердің пікірінше, маңызды кедергі институттық орта болып табылады. Шектеулі бәсеке, квазимемлекеттік сектордың үстемдігі және жеке инвестицияларға әлсіз ынталандыру бизнес пен инновациялық ұзақ мерзімді жобаларға қызығушылықты төмендетеді. Білім, ғылым және нақты экономика арасындағы байланыс фрагментарлы қалыпта қалып отыр. Бұл күрделі экономикаға қажет адам капиталын қалыптастыруды қиындатады.

Сонымен қатар, мамандар орташа табыс қақпаны аса қауіпті емес деген ойда. Тарих көрсеткендей, бірқатар елдер бұл күйден шыға алған. Бірақ оның алдында терең әрі бірте-бірте ретті реформалар жүргізу қажет болады. Мұнда бір реттік қолдау шаралары емес, бүкіл өсу моделін қайта құру туралы сөз болып отыр.

Орташа табыс қақпанынан шығу үшін экономикалық ресурстар мен қайта бөлінуге сүйенетін моделден еңбек өнімділігі, инновациялар және адам капиталы арқылы өсу моделіне көшуі қажет. Негізгі шарттар – бәсекелестікті дамыту, болжамды реттеуші орта, мемлекеттің экономикадағы рөлін азайту және білім мен қолданбалы зерттеулерге инвестиция салу, - деп атап өтті Бауыржан Ысқақов.

Міне, осындай жүзеге асырылатын шаралар мен шарттарға байланысты ел дамуының әрі қарайғы траекториясы айқындалады.

Сарапшылардың пікірінше, жүйелік өзгерістерсіз бұрынғы өсу моделі бірте-бірте өз мүмкіндіктерін сарқып, халықтың тұрақты тұрмыс деңгейін көтеруге қабілетсіз болады.

Осылайша, Қазақстан өз дамуының маңызды кезеңіне жеткен, алайда әрі қарай ілгерілеу үшін сапалы өзгерістерді талап етіледі. 

Өзгелердің жаңалығы