Ортақ қауіп пен бірлескен оқу-жаттығу: Қазақстан мен Ресейдің әскери байланысы қандай?

Екі ел бірлескен оқу-жаттығулар өткізіп, кадр даярлау мен әскери-техникалық серіктестікті жалғастырып келеді.

 ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов Бүгiн 2026, 15:05
Бүгiн 2026, 15:05
145
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Қазақстан мен Ресейдің қорғаныс саласындағы байланысы бүгінде екіжақты қатынастардың маңызды әрі сезімтал бағыттарының бірі саналады. Бұл ынтымақтастық тек әскери техника немесе бірлескен оқу-жаттығулармен ғана шектелмейді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ол өңірлік қауіпсіздік, кадр даярлау, тәжірибе алмасу, қорғаныс ведомстволары арасындағы тұрақты диалог және заманауи сын-қатерлерге бірлесіп жауап беру сияқты бірнеше бағытты қамтиды.

ҚР Қорғаныс министрлігі ұсынған деректерге сүйенсек, Қазақстан мен Ресей қорғаныс саласындағы өзара іс-қимылды өңірлік қауіпсіздіктің кең ауқымды архитектурасының бір бөлігі ретінде қалыптастырып келеді. Бұл жұмыс Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы аясындағы одақтастық тетіктер мен екіжақты келісімдерге негізделген.

Бірлескен оқу-жаттығулар мен қауіпсіздік мәселесі

Негізгі бағыттардың бірі – халықаралық терроризм, экстремизм және киберқауіптер секілді қазіргі заманғы сын-қатерлерге қарсы іс-қимыл бойынша күш-жігерді үйлестіру. Екі елдің қарулы күштері екіжақты және көпжақты форматтағы түрлі деңгейдегі бірлескен оқу-жаттығуларға тұрақты түрде қатысады. Мұндай іс-шаралар бөлімшелердің өзара үйлесімділігін пысықтауға, әскерді басқару жүйесін жетілдіруге және жедел дайындық деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар тәжірибе алмасу мен кадр даярлау мәселесіне де ерекше мән беріліп отыр. Қазақстандық әскери қызметшілер Ресейдің әскери оқу орындарында білім алады. Бұған қоса, бірлескен білім беру бағдарламалары мен біліктілікті арттыру курстары жүзеге асырылады. Бұл бірыңғай кәсіби ортаның қалыптасуына және жеке құрамды даярлауда заманауи тәсілдерді енгізуге ықпал етеді.

Сарапшы: «Бұл сала аса сезімтал»  

Саясаттанушы, халықаралық қатынастар бойынша сарапшы Риззат Тасымның айтуынша, Қазақстан мен Ресей арасындағы әскери-техникалық ынтымақтастық бүгінде екіжақты қатынастардың маңызды құрамдас бөлігіне айналған.

Бұл сала аса сезімтал. Оған тараптардың экономикалық және қаржылық жағдайы, саяси өзгерістер сияқты бірқатар факторлар тікелей әсер етеді. Соңғы 30 жылдан астам уақыт аралығында өзара әскери байланыс күрделі кезеңдерді бастан өткерді. Мысалы, кеңестік әскери-өнеркәсіптік мұраны бөлісу, қорғаныс кешені мен ядролық қару тағдырын шешу, жаңа ынтымақтастық моделін қалыптастыру сияқты мәселелер болды, – дейді сарапшы.

Оның пікірінше, Қазақстан Ресеймен қорғаныс саласында кең әрі жан-жақты келісімдері бар санаулы мемлекеттердің бірі. Бұл байланыс стратегиялық әріптестіктің маңызды бағыты саналады және тек екіжақты форматпен шектелмейді.

Екі елдің қорғаныс саласындағы байланысы стратегиялық әріптестіктің маңызды бағыты және ол тек екіжақты форматпен шектелмей, ҰҚШҰ, ШЫҰ және ТМД аясындағы көпжақты өзара іс-қимыл келісімдерімен толыққан. Одан бөлек қорғаныс сұрақтары бойынша тұрақты консультация институты қалыптасқан, ал екіжақты ынтымақтастықтың өзегі бірлескен жауынгерлік дайындық, әскери-техникалық әріптестік және кадр даярлау мәселелері аясында шоғырланған, – дейді Риззат Тасым.

Қазақстан үшін бұл ынтымақтастық нені білдіреді?

Сарапшы бұл мәселеге эмоциясыз, прагматикалық тұрғыдан қарау қажет екенін айтады. Оның сөзінше, Қазақстан мен Ресей арасындағы әскери ынтымақтастық Орталық Азиядағы тұрақтылықты сақтаудың маңызды факторларының бірі ретінде қарастырылуы керек.

Түрлі эмоциялы әрі популистік пайымдардан алшақ болу үшін мәселеге прагматикалық тұрғыдан қараған жөн. Осы тұрғыда Қазақстан мен Ресей арасындағы әскери ынтымақтастық Орталық Азиядағы тұрақтылықты сақтаудың маңызды факторларының бірі екенін ескеру қажет. Оған қоса Қазақстанға әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесін жетілдіру, әскер мен қаруды автоматтандырылған басқару жүйелерін енгізу, сондай-ақ Каспийдегі заманауи әскери-теңіз күштерін дамыту бағытында Ресейдің әлеуетін тиімді пайдалануға болады, – дейді ол.

Саясаттанушы Қазақстанның өз қорғаныс-өнеркәсіптік әлеуетін жүйелі түрде нығайтып келе жатқанын да атап өтті. Оның айтуынша, бұл бағыттың стратегиялық тұрғыдан дұрыс таңдалғанын нақты ресурстар бөлінуінен де көруге болады.

Қазақстан өз қорғаныс-өнеркәсіптік әлеуетін жүйелі түрде нығайтып келеді және осы бағыттың стратегиялық тұрғыдан дұрыс таңдалғанын нақты ресурстар бөлумен дәлелдеді. Мысалы, биылғы қорғанысқа бөлінген шығындар шамамен ЖІӨ-нің бір пайызын құрады. Әрине, Қазақстан Қарулы Күштері қару-жарақ пен әскери техниканы алуда бір ғана елге тәуелді болмауы тиіс. Дегенмен Ресейдің кейбір заманауи қару түрлері бойынша артықшылықтары бар, сондықтан мұндай мүмкіндіктерді прагматикалық тұрғыда тиімді пайдалану қажет, – дейді сарапшы.

Заманауи соғыс және жаңа технологиялар

Оның айтуынша, қазіргі қауіпсіздік ортасы да өзгеріп келеді. Дәстүрлі әскери күш өлшемдері қайта қаралып, жаңа технологиялар мен «гибридті» күрес тәсілдері алдыңғы қатарға шықты.

Қалай болғанда да, екі ел де бірқатар ортақ сын-қатерлерге тап болып отыр. Соның бірі – «гибридті» күрес тәсілдеріне төтеп беру. Бүгінде әскери күштің дәстүрлі өлшемдері де қайта қаралуда. Мысалы, 200 тікұшақ әлде 2000 ұшқышсыз басқарылатын құрылғы тиімді ме деген сұрақ өзекті, – дейді Риззат Тасым.

Қауіпсіздік саясатындағы жаңа тәсілдер

Сарапшы Қазақстан үшін жаңа қауіпсіздік моделін қалыптастырудың маңызы артып отырғанын да айтады. Оның пікірінше, қауіпсіздік саласында бір ғана бағытқа немесе бір ғана мемлекетке сүйену стратегиясының шектеулі тұстары бар.

Қазақстан үшін жаңа қауіпсіздік моделін қалыптастыру маңызды. Ядролық қарудан бас тарту кезінде берілген қауіпсіздік кепілдіктерінің Украинадағы жағдаят аясында толық іске аспағаны белгілі. Бұған қоса, қауіпсіздік саласында бір ғана мемлекетке басымдық беру стратегиясы да Армения, Беларусь, Иран сияқты кейстерде өзінің шектеулі тұстарын көрсетті, – дейді ол.

Көпвекторлы қауіпсіздік саясаты

Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан үшін қорғаныс саласындағы саясат бір ғана форматпен шектелмеуі керек. Сарапшының айтуынша, екіжақты байланыс, көпжақты ынтымақтастық және бітімгершілік миссиялар бір-бірін толықтырып отыруы қажет.

Сондықтан әскери салада екіжақты форматты, көпжақты ынтымақтастықты және бітімгершілік миссияны ұштастыратын көпдеңгейлі күрделі саясатты нығайту күн тәртібінен түспейтін стратегиялық міндет, – деп түйіндеді саясаттанушы.

Қазіргі геосаяси жағдайда Қазақстан үшін қорғаныс саласында тепе-теңдік сақтап, қауіпсіздікке қатысты әр бағыттағы серіктестікті тиімді пайдалану маңызды болып отыр. Қазақстан мен Ресей арасындағы әскери ынтымақтастық та осы қажеттіліктен туындайды. Екі ел бірлескен оқу-жаттығулар өткізіп, кадр даярлау мен әскери-техникалық байланыстарды жалғастырып келеді.

Сонымен қатар Қазақстан қорғаныс саласында тек бір бағытқа сүйенбей, өз әскери әлеуетін күшейтуге және көпвекторлы саясатты сақтауға басымдық беріп отыр. Сондықтан бұл ынтымақтастықты өзгеріп жатқан қауіпсіздік жағдайына бейімделудің бір тетігі ретінде қарастыруға болады.

Наверх