Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Біз орталықтандыру мәселесін жасағанда тұрғындардың жауапкершілігін бірге алып қойғанбыз. Президент бейорталықтандыру мәселесін көтерді, жалпы орталықсыздандыруды бюрократиядан құтылу деп бір жақты қарамау керек.
Бұл туралы саясаттанушы Руслан Ахмағанбетов Алматыда өткен «КИСИ GPS» сараптамалық алаңының екінші отырысында айтты.
Жиын барысында мемлекет пен жергілікті халықтың мүдделерін білдіретін жергілікті өзін-өзі басқару институттарын одан әрі дамыту мәселесі талқыланды. Саясаттанушы Руслан Ахмағанбетов жергілікті өзін-өзі басқаруда екі мәселеге тоқталды. Оның біріншісі аудандық жерлердегі Құрылыс және сәулет бөлімшелеріне жаңадан салынатын нысандарға қатысты сараптамалық жауапкершілікті беру.
Қоғамдық кеңес, мәслихатты сайлау, одан бөлек аудан әкімдерін сайлау арқылы демократияға өтеміз, мәселе бітті деп ойлаймыз. Бірақ басты мәселе онда емес. Мысалы аудан әкімін сайлап, қолына ақша бергеннен не шешіледі. Біз орталықтандыру мәселесін жасағанда тұрғындардың жауапкершілігін бірге алып қойғанбыз. Президент бейорталықтандыру мәселесін көтерді, жалпы орталықсыздандыруды бюрократиядан құтылу деп бір жақты қарамау керек. Қарапайым тұрғындарға өз жауапкершілігін өз мойынына беру керек,-дейді ол.
Оның айтуынша, инфрақұрылымды дамытуға көп жағдайда орталықтандырылған жүйе кедергі болып тұр.
Мәселен бізде құрылыстар салынбайды немесе кешігеді. Осыдан келіп ауыл әкімдері өтірікші болып жатады. Негізі аудан әкімі жобаның сметасын жасады, бірақ ол облыстан қабылданған жоқ. Себебі Құрылыс және сәулет басқармасы бар, барлық облыстардағы құрылыс солардың қолынан өту керек. Мәселен, 300-ден аса ауыл бар, әр ауылдан бір жобадан түссе олар барлығын қарап үлгере алмайды. Содан ол 1,5-2 жылға созылады немесе дұрыс емес деп кері қайтарылады. Осыдан келіп ауыл әкімі өтірікші, сөзінде тұрмайды деген әңгіме тарайды. Ауданда Құрылыс және сәулет бөлімі бар, орталықсыздандыруды жүргізгенде осы бөлімнің мамандарын толықтырып, балабақша сияқты шағын құрылыстарды аудандық деңгейде сараптамадан өткізе алатын жағдайға жеткізуіміз қажет. Ал, мектеп сияқты үлкен құрылыстарды облыс қарасын,-дейді Ахмағанбетов.
Сонымен қатар ол салықтан түскен қаржыны да ауданға жеткілікті мөлшерде қайтарған жөн деген ойын бідірді.
Мысалы, Жаңаөзендегі жұмыссыздық мәселесі ойға сыймайды. Мұнайға бай, бірақ жұмыссыз. Бәрін мұнайға жұмысқа тұрғызуға тағы келмейді. Одан бөлек перспективалы Созақ, Мойынқұм, Талас сияқты аудандар өнім өндіргенімен кедей. Себебі орталықтандыруда. Ақшаның барлығы орталыққа кетеді, астанадан шыққан қаражаттың 50 пайызы облыста қалады, одан кейін облыс маңайындағы аудандарға таратады, одан қалғаны ғана осы аудандарға жетеді. Оның арты наразылық көңіл-күйге әкеледі. Мәселен, қаражаттың 15%-ын ауданға, 15%-ын облысқа, қалған 70%-ы елордаға деп бөлу керек немесе мұнай саласы бойынша ауданға 7%-ың өзі жетуі мүмкін. Осы кезде жергілікті халық өз-өзін басқара алады және жауапкершілік өз мойындарында болады. Бұл кезде аудан болайық немесе облыс ашайық деген мәселе керексіз болып қалады. Яғни, талап етуші емес, өз мойнында жауапкершілігі бар қоғамды қалыптастырар едік,-дейді саясаттанушы.