Сиань қаласында «Орталық Азия – Қытай» Хатшылығының салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оған Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев, Қытай Халық Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Сунь Вэйдун және ҚХР-дағы Орталық Азия елдерінің елшілері қатысты.
Ә.Бақаев өз сөзінде өткен жылы «Орталық Азия – Қытай» мемлекет басшыларының бірінші саммиті өткенін, оның барысында «Сиань декларациясына» қол қойылғанын, сондай-ақ Хатшылық құру туралы уағдаластыққа қол жеткізілгенін атап өтті. Орталық Азия елдері мен Қытайдың тарихи қарым-қатынастарын ескере отырып, Хатшылықтың штаб-пәтері орналасатын жері ретінде Сиань қаласы таңдалды.
Қазақстандық дипломат Хатшылықты құру тығыз өзара іс-қимылдың жаңа бағыты болғанын және өңірлік саясаттың маңызды факторына айналатынын атап өтті.
Сөз соңында Ә.Бақаев ұйымдастырушыларға және барлық қатысушыларға іс-шараның ашылу салтанатына қатысқаны үшін алғысын білдіріп, екі ел халықтарының игілігі жолындағы жұмыстарына табыс тіледі.