Астанада Орталық Азия мен Қытай арасындағы ынтымақтастықты дамыту форумы басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қытай-Орталық Азия ынтымақтастығын дамыту форумының және Үшінші халықаралық Жібек жолы байланыс конференциясын "Синьхуа" ақпарат агенттігі мен Қазақстан Республикасы Президентінің телерадиокешені бірлесіп ұйымдастырды.
Форумның ашылуында сөз сөйлеген ҚР Президентінің ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі Арман Қырықбаев Президенттің қатысушыларға жолдаған құттықтау хатын оқып берді.
Құрметті жұртшылық, қадірлі қонақтар! Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпиннің сапары және "Қытай – Орталық Азия" екінші форумы аясында Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы ынтымақтастықты дамыту форумы мен "Жібек жолы" атты үшінші халықаралық конференцияның өтуімен сіздерді шын жүректен құттықтаймын. Бүгінде мемлекеттеріміз арасындағы ынтымақтастық нығайып келеді, бұл – достық пен стратегиялық әріптестікке негізделген. Биыл Қазақстанда Қытай туризмінің жылы деп жарияланды, сондықтан көптеген маңызды жоба мен іс-шаралар өткізіліп жатыр. Бүгінгі форум елдеріміз арасындағы БАҚ саласындағы байланысты одан әрі дамытуға серпін береді деп сенемін, - делінген Мемлекеи басшысы Тоқаевтың құттықтау хатында.
"Синьхуа" ақпарат агенттігінің бас директоры Фу Хуа "Қытай – Орталық Азия рухын ілгерілету" тақырыбында баяндама жасады.
Қытайда көне бір нақыл бар: “Адамдар біріксе, тауды да орнынан қозғай алады”. Ал Орталық Азияда: “Бірлік бар жерде – бақыт бар”. Біз бүгінгі форум Қытай мен Орталық Азия арасындағы гуманитарлық алмасу тарихында маңызды бет болып, ынтымақтастықты тереңдетуге берік негіз қалайды деп сенеміз. Келіңіздер, бірлесіп алға ұмтылайық, иық тіресіп жұмыс істейік, Қытай мен Орталық Азия ынтымақтастығының шежірешісі, белсенді қатысушысы әрі қозғаушы күшіне айналайық. Қытай мен Орталық Азияның үнін жаһанға жеткізіп, ортақ тағдырлы қауымдастықты бірге құру жолында жаңа әрі үлкен үлес қосайық! – деді "Синьхуа" агенттігінің басшысы.
Форумда Жібек жолы аясындағы медиа ынтымақтастықты тереңдету арқылы халықаралық коммуникацияда жаңа баяндаулар қалыптастыру, мәдени мұраны бірлесе сақтай отырып, Жібек жолы өркениетінің жаңа тарауын жазу, “жасыл” дамуды қолдап, энергетикалық қауіпсіздіктің жаңа бағыттарын айқындау, сондай-ақ Еуразия кеңістігіндегі өзара байланысты күшейту арқылы ортақ дамудың жаңа келбетін қалыптастыру мәселелері талқыланып жатыр.