- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Орталық Азия экономикасы $543 млрд-тан асты: Бұл Қазақстан үшін нені өзгертеді?
Орталық Азия экономикасы $543 млрд-тан асты: Бұл Қазақстан үшін нені өзгертеді?
Оның жартысынан астамы Қазақстанға тиесілі. Сондай-ақ Қазақстан Орталық Азия экспортының үштен екісін қамтамасыз етеді.
19 Тамыз 2026, 14:30
Орталық Азиядағы бес елдің жиынтық ЖІӨ-сі $543 млрд-қа жетті. Оның жартысынан астамы – $306 млрд Қазақстанға тиесілі. Алайда көршілес елдердің экономикасы жылдамырақ өсіп келеді, ал инвестиция үшін бәсеке біртіндеп күшейіп жатыр. Сарапшылар BAQ.KZ тілшісіне өңір экономикасының өсуі Қазақстанға қандай мүмкіндіктер ашатынын және көрші елдердің экономикалық күшеюі неліктен міндетті түрде Қазақстан позициясының әлсіреуін білдірмейтінін айтып берді.
The Times of Central Asia мәліметінше, Қазақстан әзірге Орталық Азиядағы ең ірі экономика болып қала береді және өзге елдерден айтарлықтай алда. Екінші орында ЖІӨ көлемі $147 млрд болатын Өзбекстан тұр. Одан кейін Түрікменстан – $50 млрд, Қырғызстан – $23 млрд және Тәжікстан – $18 млрд.
Экспортта да осыған ұқсас жағдай қалыптасқан. Өңірдің бес еліне тиесілі $139 млрд экспорттың $92 млрд-ын Қазақстан қамтамасыз етеді. Өзбекстанның үлесі – $24 млрд, Түрікменстан – $16 млрд, Қырғызстан – $4 млрд, Тәжікстан – $3 млрд.
Жинақталған тікелей шетелдік инвестициялар көлемі бойынша да айырмашылық айтарлықтай. Қазақстанда оның көлемі $180 млрд деп бағаланады, Түрікменстанда – $44 млрд, Өзбекстанда – $15 млрд, Қырғызстанда – $10 млрд, Тәжікстанда – $4 млрд.
Сонымен қатар R-Finance қаржылық кеңесшісі Арман Байғанов экономика көлемі болып жатқан өзгерістердің жылдамдығын әрдайым көрсете бермейтініне назар аударады. Экономикалық базасы шағын елдер қазір жоғары өсім қарқынын көрсете алады.
Бұл – маңызды көрсеткіш. Өңір экономикасының негізгі бөлігі Қазақстанға тиесілі – жартысынан астамы. Бірақ Орталық Азияның басқа елдері қазір жоғары қарқынмен өсіп келе жатқанын түсіну керек. Өзбекстан шамамен 6-7% өсім көрсетсе, Тәжікстанда бұл көрсеткіш 9-10% шамасында, – деді Арман Байғанов.
Сарапшы мұндай динамиканың бір себебі ретінде экономикалық реформаларды атайды. Атап айтқанда, ол соңғы жылдары сыртқы капитал үшін барынша ашық бола бастаған Өзбекстанды ерекше атап өтті.
Байғановтың айтуынша, өзгерістер валюталық реттеуді, қаржылық заңнаманы және шетелдік инвесторларды тарту тәсілдерін қамтыды. Қосымша фактор – халық санының өсуі.
Өзбекстан Қазақстанның тәжірибесін де пайдалана отырып, реформалар жүргізе бастады. Бұрынғы жабық экономикадан ел валюталық заңнаманы, сыртқы инвестиция тартуды және қаржылық реттеуді ырықтандыру жолына өтті. Бұл өз нәтижесін берді. Бұдан бөлек, оң демографиялық динамика еңбек ресурстарын көбейтеді және бір мезетте ішкі тұтынушылық сұранысты арттырады, – деп түсіндірді экономист.
Орталық Азияға қызығушылық неге артып келеді?
Жиынтық $543 млрд өңірдің ауқымын да өзгертеді. Орталық Азия – бүгінде халқы 80 млн-нан асатын, шикізат қоры мол және Қытай, Ресей, Оңтүстік Азия, Каспий өңірі мен Еуропаның ортасында орналасқан нарық.
Байғанов инвесторлардың қызығушылығы бір ғана фактормен байланысты емес деп есептейді. Қазақстанның минералдық-шикізаттық базасы кең, Өзбекстан тау-кен және өнеркәсіп секторын дамытып жатыр, Түрікменстан ірі газ қорына ие. Сонымен бірге халық санының өсуі ішкі нарықтың ауқымын біртіндеп ұлғайтып келеді.
Өңір табиғи ресурстар мен пайдалы қазбаларға бай. Екінші мәселе – мұнда халық санының оң өсімі байқалады. Бұл еңбек ресурстары бар екенін және ұзақ мерзімді перспективада тұтынушылық сұраныстың артатынын білдіреді. Сондықтан Орталық Азия ірі экономикалар мен ұзақ мерзімді инвесторлар үшін қызықты болып қала береді, – дейді Байғанов.
Осы тұста саясаттанушы Ералы Нұржұма Қазақстанның экономикалық салмағын тек оның өңірлік ЖІӨ-дегі үлесімен ғана бағаламауды ұсынады.
Экономикалық ауқым Қазақстанға, ең алдымен, көлік, сауда және энергетика салаларындағы өңірлік бастамаларды белсендірек ілгерілетуге объективті мүмкіндік береді. Бірақ Қазақстан үшін ең тиімді модель көршілерден «үстем» көшбасшылық емес, көршілермен «бірге» көшбасшылық ету болмақ. Қазақстанның бірнеше бірегей артықшылығы бар. Ол – өңірдегі ең ірі экономика, елеулі ресурстық база, дамыған қаржы инфрақұрылымы, Каспий теңізіне шығатын жол және Қытай, Орталық Азия, Кавказ бен Еуропа арасындағы транзиттік бағыттардың артып келе жатқан маңызы, – дейді ол.
Оның айтуынша, бұл Қазақстанға көршілеріне саяси бастамалар ғана емес, көлік дәліздері, логистикалық орталықтар, энергетикалық қуаттар, өнеркәсіптік кластерлер мен бірлескен инвестициялық тетіктер секілді нақты экономикалық жобаларды да ұсынуға мүмкіндік береді.
Ералы Нұржұма су-энергетикалық мәселелерді де жеке атап өтті. Оның пікірінше, өңір елдерінің өзара тығыз байланысына байланысты бұл саладағы тұрақты шешімдер жеке ұлттық тәсілдерге емес, мемлекеттер арасындағы үйлестіруге негізделуі керек.
Қазақстан – тек жеке нарық емес
Тағы бір маңызды мәселе – бүкіл Орталық Азия өсіп келе жатқан тұста Қазақстан шетелдік инвесторлардың көзіне қалай көрінеді?
Бүгінде инвестор Қазақстанды ең алдымен жеке мемлекет ретінде таңдайды. Болашақта Қазақстанға инвесторға басқа өнім ұсынған тиімді – бір юрисдикциядан бүкіл Орталық Азия нарығымен жұмыс істеу мүмкіндігін беру. Ол үшін Қазақстанның ішіндегі қолайлы инвестициялық орта жеткіліксіз. Тауарлар, капитал, қызметтер мен технологиялар өңір елдері арасында салыстырмалы түрде еркін қозғала алуы қажет, – деді Ералы Нұржұма.
Мұндай модель үшін сауда және кеден рәсімдерін жеңілдету, көлік байланысын арттыру және елдер арасындағы әкімшілік кедергілерді азайту қажет.
Сонда көрші елдер экономикасының өсуі Қазақстаннан жұмыс істейтін компаниялар үшін әлеуетті нарықты да кеңейтеді.
Қазақстанның өзі ненің есебінен өсе алады?
Көрші мемлекеттер жоғары өсім қарқынын көрсетіп жатқан тұста Қазақстан үшін дамудың ішкі көздерін іздеу маңызды бола түседі.
Арман Байғанов олардың бірі ретінде өңдеу өнеркәсібін атайды.
Перспективалы бағыттардың қатарында ол мұнай-химияны, жеңіл өнеркәсіпті, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді, мал шаруашылығын және тоқыма өндірісін атап өтті.
Қазақстан экономикасының негізгі өсу драйверлері өңдеу салалары болуы мүмкін – мұнай-химия, жеңіл өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу. Бұған ет өнімдері, мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы, тоқыма саласы жатады. Егер Қазақстанның қазірдің өзінде мықты позициясы бар шикізатты тереңірек өңдейтін болсақ, бұл қосымша жұмыс орындарын ашып, салық салынатын базаны кеңейтеді, – деді Байғанов.
Нақты мысал ретінде ол мал шаруашылығын келтіреді. Қазақстанда былғары өнеркәсібінде пайдалануға болатын шикізат өндіріледі, алайда мұндай өнімнің бір бөлігі бүгінде ел ішінде өңделмейді. Экономистің пікірінше, осы бағытты дамыту қосымша құн қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Байғанов Қазақстанның тағы бір артықшылығы ретінде цифрландыруды атайды. Оның пікірінше, жинақталған IT-құзыреттер мен цифрлық шешімдер көрші елдердің нарығында да сұранысқа ие болуы мүмкін.
Инвестиция үшін бәсеке күшейіп келеді
Өңірдің өсуі шетелдік инвесторларға өз шарттарын ұсынатын елдер санының артуын да білдіреді.
Бұл Орталық Азиядағы ең ірі екі экономика – Қазақстан мен Өзбекстан мысалында айқын көрінеді.
Байғанов мұндай бәсекені табиғи құбылыс деп есептейді. Оның пікірінше, бұл заңнаманы, мемлекеттік басқаруды және бизнес жүргізу жағдайларын үнемі жетілдіруге қосымша серпін береді.
Өзбекстан да инвестицияны белсенді тартып жатыр. Қазақстан үшін бұл көрші елдердің инвесторларға не ұсынып отырғанын, заңнамада қандай өзгерістер енгізіп жатқанын үнемі зерттеп отыруға белгілі бір ынталандыру. Инвестиция – тек ақша емес, ол жаңа технологиялар, жұмыс орындары және экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Сондықтан мемлекеттік басқару мен заңнамадағы реформаларды жалғастырып, көлеңкелі экономиканың үлесін азайтып, инвестициялық ортаның сапасын жақсарту қажет, – деді Байғанов.
Ал Ералы Нұржұма Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы қарым-қатынасты тек бір капитал үшін бәсекемен шектемеуді ұсынады.
Екі ел экономикасының құрылымы әртүрлі. Қазақстанда капитал көлемі үлкен, шикізаттық база, дамыған қаржылық және логистикалық инфрақұрылым бар. Өзбекстанда еңбек және тұтыну нарығы ауқымды, сондай-ақ өнеркәсіптік әлеуеті жоғары.
Қазақстанның шикізат, капитал, инфрақұрылым, энергетика, қаржылық қызметтер және логистика салаларында артықшылықтары бар. Өзбекстан үлкен еңбек және тұтыну нарығына, сондай-ақ елеулі өнеркәсіптік өндіріс әлеуетіне ие. Нәтижесінде инвесторға екі елдің бірін таңдауды емес, екеуінің де артықшылықтарын пайдалану мүмкіндігін ұсынуға болады. Мұндай жағдайда Өзбекстанның өсуі Қазақстан үшін қауіп емес, керісінше қазақстандық ресурстарға, капиталға, логистика мен қызметтерге деген сұраныстың қосымша көзіне айналады, – дейді Ералы Нұржұма.
Саясаттанушы келтірген мәлімет бойынша, 2025 жылы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 16%-дан астам өсіп, $5 млрд-қа жуықтаған.
Ералы Нұржұманың пікірінше, болашақта өндіріс пен логистиканың жекелеген кезеңдері бірнеше ел арасында бөлінетін трансшекаралық өндірістік тізбектер туралы да сөз болуы мүмкін.
Мұндай жағдайда инвесторға Қазақстан мен Өзбекстанды тек бір-біріне балама алаңдар ретінде қарастырудың қажеті болмайды.
Өңірдің өсуі Қазақстанға не береді?
Қазақстан үшін бүкіл Орталық Азия нарығының кеңеюі ішкі халық санының салыстырмалы түрде аз болуына байланысты ерекше маңызды.
Көрші елдерде өндіріс пен тұтыну неғұрлым өскен сайын, қазақстандық тауарлар мен қызметтерге деген әлеуетті сұраныс та соғұрлым артады. Сонымен қатар теміржол және автомобиль тасымалына, қоймаларға, банктік қызметтерге, сақтандыруға, сауданы қаржыландыруға және логистикаға қажеттілік өседі.
Ералы Нұржұманың бағалауынша, дәл осы тұста өңірлік интеграция Қазақстан экономикасының ішкі әртараптандырылуын толықтыра алады. Ел тек шикізат жеткізуден ғана емес, Орталық Азиядағы өсіп келе жатқан саудаға қызмет көрсетуден де көбірек табыс таба алады.
Бұл ретте міндетті түрде қандай да бір жаңа саяси бірлестік құру туралы сөз болып отырған жоқ. Сарапшы стандарттар мен ережелерді біртіндеп жақындастыруды, тарифтік емес кедергілерді қысқартуды, көлік байланыстарын дамытуды және тауарлар, қызметтер, капитал мен технологиялардың қозғалысын жеңілдетуді неғұрлым шынайы жол деп есептейді.
Осылайша, $543 млрд көрсеткіші енді бес ұлттық экономиканың жиынтық көлемін ғана білдірмейді. Орталық Азия біртіндеп ауқымды нарыққа айналып келеді. Оның ішінде Қазақстан айтарлықтай экономикалық салмағын сақтап отыр, бірақ сонымен бірге көрші елдердің белсенді өсімімен және капитал үшін күшейіп келе жатқан бәсекемен бетпе-бет келуде.
Қазақстанның алдағы даму қарқыны ішкі реформаларға, өңдеу өнеркәсібінің дамуына және инвестициялық ахуалға ғана емес, сонымен қатар бүкіл өңірдің кеңеюін сауда, логистика, технологиялар мен бірлескен өндірістік жобалар арқылы қаншалықты тиімді пайдалана алатынына да байланысты болады.
Ең оқылған:
- «Менде осындай сынақ болып тұр»: Данияр Елеусінов ішімдікке салынғанын мойындады
- «Әйелге әлімжеттік жасау – адамдықтың ең төменгі шегі»: Димаш Құдайберген зорлық-зомбылықты қатаң айыптады
- Астанада TikTok-та әдепсіз видео жариялаған шетелдікке айыппұл салынды
- Қазақстан туристер үшін ең қауіпсіз елдердің қатарына енді
- Бажкенова қаражат жымқыру, заңсыз кәсіпкерлік пен жалған ақпарат таратқаны үшін кінәлі деп танылды
Аида БАТУХАН