Орталық Азия мен Ауғанстан үшін ЕО-БҰҰ Spotlight жетекші бағдарламасы іске қосылды

8 Желтоқсан 2020, 16:55
2197
Бөлісу:
Орталық Азия мен Ауғанстан үшін ЕО-БҰҰ Spotlight жетекші бағдарламасы іске қосылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бағдарлама Еуропалық Одақтың 25-тен астам ел мен аймақта әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылықтың барлық түрімен және зиянды әрекеттермен күресуге арналған жаһандық бастаманың жалғасы.

Бүгін гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік жаһандық науқан шеңберінде БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Амина Мохаммед, Еуропалық Одақтың Халықаралық серіктестік жөніндегі Комиссары Ютта Урпилайнен және Орталық Азия мен Ауғанстан үкіметтерінің жоғары деңгейлі өкілдерінің қатысуымен Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Spotlight («Басты назарда») бастамасы ресми түрде іске қосылды. Бастапқы бекітілген бюджет бойынша 4,3 миллион АҚШ доллары көлемінде қаржыландырылатын бұл аймақтық бағдарлама Еуропалық Одақтың 25-тен астам елдер мен аймақтарда әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылықтың барлық түрімен және зиянды әрекеттермен күресуге арналған жаһандық бастаманың жалғасы болып отыр.

Бағдарлама Орталық Азия мен Ауғанстанда әйелдер мен қыздарға қатысты жыныстық және гендерлік зорлық-зомбылықты тоқтату бойынша күресті нығайтуға бағытталған, сонымен бірге әйелдер мен қыздардың дамуына кедергі келтіретін тосқауылдарға баса назар аударады.

БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Амина Мохаммед бастаманың ресми тұсаукесерінде сөйлеген сөзінде «COVID-19 таралғаннан бері бүкіл әлемде гендерлік және тұрмыстық зорлық-зомбылық күшейгенін, Орталық Азия мен Ауғанстан елдері де бұл мәселеден тыс қалмайтынын» атап өтті.

Орталық Азия мен Ауғанстандағы Spotlight бағдарламасының түпкі мақсаты – ұлттық мүдделі тараптар мен Орталық Азияның бес елі мен Ауғанстандағы 35 миллионға жуық әйелдер мен қыздардың қолдауымен жыныстық және гендерлік зорлық-зомбылыққа және зиянды әрекеттерге мүлдем төзбеушілік ортасын құру.

Қазақстандағы Еуропалық Одақ елшісі Свен-Олов Карлссон Spotlight бастамасы пайдалы болатынына сенімді екенін айтты.

Мен Spotlight бастамасы аймақтағы үкіметтер, институттар мен азаматтық қоғам ұйымдарының басшылығы мен белсенді қолдауынан пайда көретініне сенімдімін. Үкіметтер мен мекемелер гендерлік теңдікті ілгерілетуге ұмтылатындығы қуантады. Сондықтан біз тиісті заңдар мен саясаттың қарқынды жүзеге асырылуын күтеміз, - деді ол.

Негізгі институттармен және әр түрлі серіктестермен бірге жұмыс істей отырып, «Spotlight» бастамасы заңнаманы реформалау, институттарды нығайту, әлеуметтік нормалар мен көзқарастарды еңсеру, азаматтық қоғам мен әйелдерді аяққа тұрғызу сияқты салаларда озық тәжірибені дамытуға және одақтастық құруға бағытталады. Бұл шаралар сандық сауаттылыққа оқытуды және әйелдер мен қыздардың құқықтарын құрметтеу мен қорғауға мүдделі тараптарды тартуды қамтиды. Бастаманы Қазақстандағы БҰҰ Тұрақты үйлестірушісі кеңсесі қадағалайды және БҰҰ Даму бағдарламасы (БҰҰДБ), БҰҰ Халықты қоныстандыру қоры (ЮНФПА) және БҰҰ-Әйелдер агенттіктері арқылы жүзеге асырылады.

Өзгелердің жаңалығы