Елімізде мемлекеттік орта білім беру ұйымдарының басшылары мен педагогтерінің біліктілігін арттыру курстары басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Курстарды «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы жүргізеді.
Қазір курстарда 5665 педагог оқып жатыр. Білім беру бағдарламаларының мазмұны МОДО, ЕНТ, PISA/PIRLS нәтижелерінің статистикасына назар аудара отырып жаңартылды. Бағдарламалардың жаңартылған құрылымында педагогтердің зерттеу және жобалау құзыреттерін дамыту бойынша қосымша модуль бар, - дейді басқарма төрағасы Еламан Айбулдинов.
Қазіргі уақытта орталықта 41 білім беру бағдарламасы іске асырылуда. Биыл барлығы 68 000-нан астам педагог оқытылады деп жоспарланған. Оның ішінде білім беру ұйымдарының басшылары, бастауыш сынып мұғалімдері бар. Бұл шаралардың барлығы педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыруға және еліміздегі білім беру стандарттарын жақсартуға бағытталған.