Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Өрт сөндіру көлігі тұрғын үйге соғылған: жаңа деректер жарияланды

Бүгiн, 21:29
143
Бөлісу:
 istockphoto.com
Фото: istockphoto.com

Маңғыстау облысының Төтенше жағдайлар департаменті Жаңаөзен қаласында өрт сөндіру автокөлігінің қатысуымен болған жол-көлік оқиғасына қатысты қосымша ақпарат берді. Сондай-ақ зардап шеккендердің жағдайы туралы мәлімет Жаңаөзен қалалық көпсалалы ауруханасында нақтыланды, деп хабарлайды BAQ.KZ Lada.kz-ке сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, өрт сөндіру автоцистернасы шақырту бойынша өрт орнына бара жатқан кезде жеңіл автокөлікпен соқтығысқан. Соққы салдарынан арнайы техника аударылып, қоршау мен жеке тұрғын үйге зақым келтірген. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, тергеу деректері жария етілмейді.

Жаңаөзен қалалық көпсалалы ауруханасының хабарлауынша, жол апаты салдарынан 11 адам зардап шеккен, оның екеуі қаза тапқан. Қайтыс болғандардың бірі – Lifan автокөлігінің жолаушысы (оқиға орнында көз жұмған), екіншісі – өрт сөндіру көлігі соғылған үйде болған 10 жасар қыз, ол ауруханада қайтыс болды.

Зардап шеккендердің қатарында Lifan көлігінің жүргізушісі, жеті өрт сөндіруші және тұрғын үйде болған тағы бір қыз бар. Қазіргі уақытта:

  • үш өрт сөндіруші нейрохирургия және травматология бөлімшелерінде ем қабылдап жатыр;
  • төртеуі амбулаториялық емдеуге жіберілген;
  • бір науқас өте ауыр жағдайда реанимацияда жатыр;
  • тағы бір қыздың жағдайы тұрақты.

Қазір ауруханада бес адам қалды.

Дәрігерлердің айтуынша, зардап шеккендерге облыстық мамандардың қатысуымен телемедицина және санитарлық авиация арқылы кеңес берілген.

Апат фактісі бойынша ҚР ҚК 345-бабының 4-бөлігі (абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзу) бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Бұл бап 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.

Еске салайық, жол апаты 18 қаңтарға қараған түні Жаңаөзен қаласында болған.

Өзгелердің жаңалығы