Елімізде 1 желтоқсанда Төтенше жағдайлар министрі генерал-майор Шыңғыс Әріновтың тапсырмасы бойынша басталған өрт қауіпсіздігі айлығы жалғасуда, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Іс-шараның басты мақсаты – азаматтардың қауіпсіздік деңгейін арттыру.
Профилактикалық айлықтың бірінші аптасында 2,5 мыңнан астам үй аулалық рейдтермен қамтылды, оның барысында 3 мыңға жуық тұрғынға консультациялық көмек көрсетілді.
Тұрғындарға тұрмыстағы өрт қауіпсіздігінің негізгі шаралары түсіндіріледі, олардың сұраулары бойынша пештер мен электр жүйелері тексеріледі, сондай-ақ жаңа жылдық іс-шараларды мерекелеуге байланысты пиротехникалық бұйымдарды қауіпсіз пайдалануы жөнінде түсіндіріледі.
Құтқарушылардың ерекше назары әлеуметтік осал санаттағы азаматтардың үйлерін тексеруге аударылады. Жылыту пештерінің, түтін мұржаларының, электр сымдары мен электр жабдықтарының жай-күйі, сондай-ақ өрт датчиктерінің болуы мен жарамдылығы бағаланады. Кішкентай балалары бар отбасыларда оларды қараусыз қалдыруға жол бермеу мәселелері көтеріледі. Әр үйде тақырыптық үгіт-насихат жадынамалары беріледі.
Сондай-ақ, өрт айлығы аясында алдағы мерекелерді қауіпсіз өткізуге бағытталған іс-шаралар кешені көзделген.
Адамдар жаппай болатын объектілерде азаматтарды эвакуациялау бойынша практикалық іс-қимылдарды пысықтай отырып, өрт-тактикалық сабақтар өткізіледі. Эвакуациялау жолдары, алғашқы өрт сөндіру құралдарының болуы, сондай-ақ өрт пайда болған кезде объектілер қызметкерлерінің іс-қимыл дағдылары тексеріледі.
ТЖМ азаматтарды өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырады:
- тек жұмыс істейтін пештер мен электр құрылғыларын пайдаланыңыз;
- пештердің қызып кетуіне және электр желілерінің шамадан тыс жүктелуіне жол бермеңіз;
- мұржаны күйеден уақытында тазалаңыз;
- пеш пен электр құрылғыларының ақаулықтарын үнемі тексеріп отырыңыз;
- сіріңкелер мен тұтандырғыштарды балалардың қолы жетпейтін жерлерде сақтаңыз;
- балаларды қараусыз қалдырмаңыз;
- тек сертификатталған пиротехникалық өнімдерді сатып алыңыз және қолданыңыз.