Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жылыту маусымы кезіндегі өрт қауіпсіздігіне салғырт қарайтын тұрғындар әлі де көп. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин мәлім етті.
Оның айтуынша, жекеменшік тұрғын үй секторы тұрғындарына жылыту маусымы кезіндегі өрт қауіпсіздігінің алдын алу жөнінде нұсқаулықтар беріліп, кемшіліктерді анықтайтын рейд жұмыстары 15 тамыз бен 15 қыркүйек аралығында өтті. Бұл алғашқы кезең болатын. Жылыту маусымы аяқталғанша рейд жүргізіле береді.
Нәтижесінде 118 мыңнан астам әлеуметтік әлсіз топқа жататын отбасы тұрып жатқан үй есепке алынды. Электр, газ құрылғылары, мұржалары мен пештері жылыту маусымына дайын емес үйлердің иелеріне кемшіліктерді жою жөнінде нұсқаулықтар берілді. Алайда екінші рейд барысында 30 мыңнан астам тұрғынның кемшілікті жоймағаны анықталды. Оларға қатысты жергілікті атқарушы органдарға мәліметтер жіберілді. Әлеуметтік қамқоршылық, учаскелік инспекторлар қайғылы жағдайдың орын алмауы үшін ол үйлермен жқмыс істеп, бақылап отыруы тиіс, - деді ол.
Оның айтуынша, жыл сайын өткізілетін алдын-алу шаралары өз жемісін беріп келеді. Өткен жылы әлеуметтік әлісіз топқа жататын отбасылардың баспанасына 90 мыңнан астам өрт және иіс тиюдің алдын алатын құрылғы орнатылған. Оның іске қосылып, қайғылы жағдайдың алдын алуға себеп болған 18 фактісі тіркелді. Бұл 80-нен астам адамның өмірі арашаланды деген сөз. Бұл жұмыс биыл да жалғасып келеді. Қазіргі күнге мамандар 11 мыңнан астам құрылғы орнатып үлгерді.