Өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамағандар қанша теңге айыппұл төлейді?

5 Мамыр 2021, 13:17
4815
Бөлісу:
Өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамағандар қанша теңге айыппұл төлейді?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ОКҚ-да өткен брифингте Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Нұрболат Дербісов айтып берді.

Еліміз бойынша барлығы 4 мыңнан астам ерікті құрылым құрылды. Өңірлерде әкімдіктер мемлекеттік өртке қарсы қызмет бөлімшелері жоқ елді мекендерде өрт сөндіру бекеттерін құру бойынша жұмыстарды кезең-кезеңімен жүргізіп жатыр, - деп атап өтті ол.

Қазіргі уақытта бір мыңнан астам елді мекенге қызмет көрсететін 409 бекет құрылды. 

Техникалық қолдау ретінде біз ауыл әкімдіктерінің қарамағына өрт сөндіру автоцистернасын бердік, алайда бұл әлі де жеткіліксіз. Тәжірибе көрсеткендей, табиғи өрттерді сөндірудің тиімді тәсілдерінің бірі - авиацияны уақытылы жұмылдыру, - дейді маман.

Нұрболат Дербісов атап өткендей, «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшақтары 36 ірі табиғи өртті жоюға қатысты.

Елдің орман-дала аймағындағы өрт қауіптілігіне табиғи климаттық жағдайлар мен халықтың өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзуы үлкен әсер етеді, бірақ біз өрттің алдын алу және оны сөндіру бойынша уақтылы шараларды бірлесіп қабылдауымыз керек, - деп комитет төрағасы түсіндірді.

Табиғи өрттердің туындау қаупін азайту мақсатында өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау қажет:

- жанып тұрған сіріңке мен темекі тұқылын тастауға жол бермеу;

- орман және дала алқаптарында от жағуға жол бермеу;

- шыны ыдыстарды өзіңізбен бірге алып жүру керек, өйткені күн сәулесі әйнектен өтіп, құрғақ шөпті фокустап, өртеп жіберуі мүмкін;

- жанғыш қоқыстарды шығару және елді мекендер аумағын жинау, құрғақ өсімдіктерден тазарту және минералдандырылған жолақтарды қалпына келтіру жөніндегі іс-шараларды жүргізу;

- табиғи өрттер туындаған жағдайда дереу өртке қарсы қызметке 101, 112 телефондары бойынша хабарлау қажет.

Заңсыз өртеулер, ауыл шаруашылығы алқаптарында құрғақ шөпті бақылаусыз жағу, орылған шөпті жағу және орман және дала алқаптарында өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамағаны үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 336, 367, 410-баптары бойынша әкімшілік жауапкершілік көзделген, - деп Нұрболат Дербісов ОКҚ-де айтты.

Атап айтқанда, 336-бап («Өнеркәсіптік және тұрмыстық қалдықтарды жинау және жағу кезінде атмосфералық ауаны қорғау және өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамау») - жеке тұлғаларға 3 АЕК, заңды тұлғаға айыппұл санатына қарай 120 АЕК-ке дейін.

367-бап («Ормандардағы өрт қауіпсіздігі талаптарын және санитарлық ережелерді бұзу») – жеке тұлғаларға айыппұл-10 АЕК, заңды тұлғаға санатына қарай 150 АЕК-ке дейін.

410-бап («Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу немесе орындамау») – жеке тұлғаларға айыппұл - 5 АЕК, заңды тұлғаға санатына қарай 100 АЕК-ке дейін. 


Өзгелердің жаңалығы