Ормуздағы дағдарыс авиацияға соққы болды: Әлемде мыңдаған рейс тоқтатылды

Авиаотын тапшылығына байланысты әлемдік әуе компаниялары мыңдаған рейсті қысқартты.

 pixabay.com Бүгiн 2026, 10:33
Бүгiн 2026, 10:33
120
Фото: pixabay.com

Мамыр айында авиаотын тапшылығына байланысты әлемдік авиация саласы ауқымды рейс қысқартуларымен бетпе-бет келді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Cirium талдау компаниясына сілтеме жасап. 

Белгілі болғандай, әуе компаниялары қазірдің өзінде шамамен 13 мың рейсті тоқтатып, кестеден 2 миллионға жуық жолаушы орнын алып тастаған.

Сәуірдің соңғы екі аптасында қолжетімді орындар саны 132 миллионнан 130 миллионға дейін азайған. Бұл жағдай әсіресе Еуропадағы мектеп демалысы кезінде туристерге айтарлықтай әсер етуі мүмкін.

Рейстерді тоқтататынын мәлімдеген әуе тасымалдаушыларының қатарында Turkish Airlines, Lufthansa, British Airways және KLM бар.

Отын дағдарысының себебі неде?

Авиациялық керосин тапшылығы Иран төңірегіндегі қақтығысқа және әлемдік мұнайдың едәуір бөлігі өтетін Ормуз бұғазы арқылы жеткізілімдердің бұзылуына байланысты туындап отыр. Ақпан айынан бері жанармай құны екі еседен астам қымбаттаған.

Соның салдарынан әуе компаниялары рейстерді қысқартып қана қоймай, жолаушыларды сыйымдылығы аз ұшақтарға ауыстырып, билет бағасын көтеріп жатыр.

Сарапшылардың айтуынша, жағдай жазда одан әрі күрделене түсуі мүмкін. Мәселен, Lufthansa жазғы кестесінен шамамен 20 мың қысқа рейсті алып тастаған.

Ұлыбритания билігі әуе тасымалдаушылары рейстерді айыппұлсыз тоқтата алуы үшін әуежай слоттарын пайдалану ережелерін уақытша жеңілдетті.

Мамандар жолаушыларды жаппай басқа күндерге ауыстыру басталуы мүмкін екенін ескертеді. Соның салдарынан кейбір адамдардың демалысы қысқарып немесе мүлде бұзылуы ықтимал.

Наверх