Еуропалық Одақ Ормуз бұғазында теңіз қатынасының еркіндігін шектеуге қатысы бар деген негізде Иранның екі азаматы мен Ислам революциясы сақшылар корпусының (ИРСК) әскери-теңіз бөлімшесіне санкция енгізді.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, бұл туралы 8 маусымда Кипр астанасы Никосияда өткен ЕО қорғаныс министрлерінің бейресми кездесуінде жарияланды.
ЕО шешіміне сәйкес, санкция тізіміне ИРСК-ның Хормозган провинциялық әскери-теңіз қолбасшылығы, сондай-ақ Мұхаммед Акбарзаде мен Хамид Хоссейни енгізілген.
Брюссельдің мәліметінше, аталған тұлғалар мен құрылымдар Ормуз бұғазындағы кеме қатынасының еркіндігіне қауіп төндірді деп есептеледі. Ормуз бұғазы әлемдік мұнай тасымалының шамамен бестен бір бөлігі өтетін стратегиялық маңызды бағыт болып саналады.
ЕО сыртқы саясат және қауіпсіздік жөніндегі жоғары өкілі Кая Каллас бұл шешімді түсіндіре отырып, Еуроодақ алғаш рет кеме қатынасы еркіндігін қорғауға арналған жаңа санкциялық тетікті қолданғанын атап өтті.
Иранның әрекеті қолайсыз. Біз қажет болған жағдайда бұл құралды қайта қолдануға дайынбыз, - деді ол.
Иран тарапы бұл шешімді «саяси және әділетсіз» деп бағалап, ЕО санкцияларына мән бермейтінін мәлімдеді. Тегеран Ормуз бұғазы аймағындағы егемендік пен қауіпсіздік саясатын жалғастыратынын жеткізді.