Біріккен Ұлттар Ұйымы Ормуз бұғазы арқылы өтетін гуманитарлық жүктердің қауіпсіз әрі кедергісіз қозғалысын қамтамасыз етуге шақырды. Бұл маңызды теңіз жолындағы іркілістер халықаралық гуманитарлық көмек операцияларын айтарлықтай қиындатуы мүмкін. Бұл туралы BAQ.KZ Anadolu агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Мәлімдемені БҰҰ Бас хатшысының гуманитарлық мәселелер жөніндегі орынбасары және төтенше көмек үйлестірушісі Том Флетчер жасады.
Оның айтуынша, гуманитарлық жеткізілім тізбектері мұндай шектеулерге өте осал.
Бағыттар жабылып, шығындар артқанда, көмек көлемі міндетті түрде азаяды. Ал ең алдымен зардап шегетіндер – көмекке аса мұқтаж адамдар, – деді Флетчер.
Ол гуманитарлық жүктер Ормуз бұғазы арқылы қауіпсіз әрі еш кедергісіз өтуі тиіс екенін атап өтті.
Қақтығысқа қатысушы тараптарға және оларға ықпал ете алатындардың барлығына үндеуім қарапайым: гуманитарлық жеткізілімдер еркін әрі қауіпсіз түрде жеткізілуі керек, – деді ол.
Флетчердің сөзінше, қақтығыстың салдары қазірдің өзінде Таяу Шығыс аймағынан асып, әлемдік нарықтарға, теңіз тасымалына және азық-түлік бағасына әсер етіп жатыр.
Ол жанармай бағасының өсуі мен көлік қатынасындағы іркілістер гуманитарлық операцияларды айтарлықтай қиындатуы мүмкін екенін ескертті.
Бұл адамдардың өмірін құтқаруға бағытталған жұмысымызға орасан зор әсер етеді. Миллиондаған адамның тағдыры қауіпке ұшырауы мүмкін, – деді БҰҰ өкілі.
Хабарламада жанармай бағасының өсуі әлем бойынша теңіз тасымалының қымбаттауына алып келгені айтылған. Сонымен қатар әуе қатынасы мен кеме қозғалысындағы қиындықтар гуманитарлық қызметкерлердің қозғалысын және жүк жеткізуді баяулатып отыр. Соның салдарынан өмірлік маңызы бар ресурстарды жеткізу алты айға дейін кешігуі мүмкін.
БҰҰ дерегінше, әлемдік сауда үшін стратегиялық маңызы бар Ормуз бұғазы 1 наурыздан бастап Иран тарапынан іс жүзінде жабылған.