Ормуз бұғазы: ЕО теңіз миссиясын неге кейінге қалдырды?

Газ бен мұнай бағасының өсуі Еуропа елдері үшін де, жалпы әлем үшін де өзекті мәселеге айналған.

 freepik Бүгiн 2026, 08:32
Бүгiн 2026, 08:32
100
Фото: freepik

Еуропалық Одақ Ормуз бұғазындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін теңіз миссиясын тек АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы әскери әрекеттері аяқталғаннан кейін ғана қарастыруы мүмкін. Бұл туралы Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Лейен мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.

Ол Энтони Албанеземен Канберрада өткен келіссөздерден кейін ЕО мұндай операцияны тек қақтығыс тоқтаған соң ғана іске асыруды қарастыратынын атап өтті.

Фон дер Лейеннің айтуынша, қазіргі жағдай жаһандық энергетика нарығына айтарлықтай әсер етіп отыр. Газ бен мұнай бағасының өсуі Еуропа елдері үшін де, жалпы әлем үшін де өзекті мәселеге айналған.

Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Ормуз бұғазы 48 сағат ішінде толық ашылмаса, Иранның бірқатар энергетикалық нысандарына соққы берілетінін мәлімдеген. Кейін ол келіссөздер аясында бұл жоспарды уақытша кейінге қалдырды.

Ал Иран тарапы АҚШ-пен тікелей келіссөздер жүргізілгені туралы ақпаратты жоққа шығарып отыр.

Еске салайық, бірқатар елдер, соның ішінде Ұлыбритания, Франция және Жапония Ормуз бұғазы арқылы қауіпсіз кеме қатынасын қамтамасыз етуге дайын екендерін білдірген.

Наверх