Орманшыларға жылдың соңына дейін үстемақы төленеді

4 Қараша 2024, 16:06
425
Бөлісу:
Орманшыларға жылдың соңына дейін үстемақы төленеді
Фото: BAQ.KZ - архив

Осы жылдың соңына дейін орман өрт сөндіру станцияларының бастықтары, өрт сөндіру машиналарының жүргізушілері, өрт сөндірубақылау мұнарасының бақылаушылары, өрт сөндірушілер және басқа да қызметкерлерге үстемақы толық көлемде төленеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы орман шаруашылығы қызметкерлерінің жалақысын көтеруге қатысты депутаттық сауал жолдаған еді

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр мәселе қалай және қашан шешілетінін айтып, ресми жауап қайтарды.

2023 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік орман күзеті қызметінің қызметкерлеріне лауазымдық жалақысына 100% дейінгі мөлшерде қосымша ақы белгіленді.

- орманды қорғау жөніндегі инспектордың орташа жалақысы 141 мыңнан 276,7 мың теңгеге дейін;

- орманшылық басшысының орташа жалақысы 181 мыңнан 357 мың теңгеге дейін;

- басшы құрамның жалақысы 198 мыңнан 361 мың теңгеге дейін ұлғайды.

Склярдың мәліметінше, бұл қосымша төлемді жүзеге асыру үшін 2024 жылға 7,4 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінді, сондай-ақ түзету шеңберінде биылғы жылдың соңына дейін қосымша 2,6 млрд теңге бөлу жоспарланған.

Дегенмен, елдегі су тасқыны жағдайына байланысты қосымша қаражат бөлінбеді. Осыған байланысты Экология және табиғи ресурстар министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп басқа бағыттар бойынша қайта бөлу және үнемдеу шеңберінде жергілікті бюджеттер есебінен қалған соманы бөлу мәселесін пысықтады. Осылайша жылдың соңына дейін орман мекемелерінің қызметкерлеріне көзделген үстемеақылар толық көлемде төленеді, - делінген ресми жауапта.

Премьер-министрдің бірінші орынбасарының сөзінше, орман өрт сөндіру станцияларының қызметкерлеріне (орман өрт сөндіру станцияларының бастықтары, өрт сөндіру машиналарының жүргізушілері, өрт сөндіру-бақылау мұнарасының бақылаушылары, өрт сөндірушілер және т.б.) олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жұмыс үшін қосымша ақы, яғни үстемақы жергілікті бюджет қаражаты есебінен төленеді. 

Қазіргі уақытта Ақмола, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Түркістан, Қызылорда облыстарында қосымша ақы қаржыландыру жоспарына сәйкес жүзеге асырылады. Өз кезегінде Ақтөбе, Алматы, Қостанай, Павлодар, Атырау, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Жетісу, Ұлытау облыстарында қаржыландыру бойынша кешіктірулер болды. Бұл ретте қажетті үстемеақылар қайта бөлу және үнемдеу есебінен биылдың соңына дейін толық көлемде төленеді, - деп айтты Роман Скляр.

Өзгелердің жаңалығы