Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Экология, геология және табиғи ресурстар министрілігіне ормандарды қосымша күзету үшін шамамен 1,8 млрд теңге қажет. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ерлан Нысанбаев Парламент Сенатында өткен Үкімет сағатында мәлімдеді.
«2018 жылы облыс әкімдіктерімен бірге 2030 жылға дейін ормандарды молықтыру мен ағаш егу көлемін ұлғайтудың қадамдық жоспары бекітілді. Осы жоспарлар аясында ормандардың көлемін ұлғайту және жыл сайын 10 мың га жасыл аймақтарды құру көзделіп отыр. Осыған байланысты облыс әкімдіктері міндеттемелер жоспары шеңберінде алған тапсырмаларды орындау бойынша шаралар қабылдауы қажет», - деді ол.Вице-министр мысал ретінде АҚШ, Канада, Испания, Оңтүстік Корея, Ресей секілді «орманды» елдер орман өрттерімен күресте авиациялық күзетті қолданатынын айтты.
«Әлемдік тәжірибені, сондай-ақ орман өрттерін табу және оған қарсы күрес кезінде авиацияны қолдану тиімділігін ескере отырып, биыл министрлік авиациямен күзету алаңдарын 8,8 млн гектардан 9,5 млн гектарға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Бұл Батыс Қазақстан, Қызылорда және Түркістан облыстарының аумағын авиациялық күзетпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Күзету шаралары ормандарды ғана емес, сондай-ақ жануарлар дүниесін қорғау үшін жүзеге асырылады. Оған жыл сайын қосымша 1,8 млрд теңге қажет болады. Осы мақсатта министрлік ормандарды авиациялық қорғау нормативтеріне тиісті өзгерістер енгізіп жатыр», - деді Нысанбаев.