Павлодар облысында өрттер 3,5 есе азайды. Былтыр 134 дерек тіркелсе, биылғы көрсеткіш – 28 оқиға, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.
Мамандардың айтуынша, орман аумақтарындағы өрттердің азаяюы да байқалады. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Қайрат Шаймарденовтың айтуынша, шілде айында өңірде «Орман» жедел-алдын алу шарасы ұйымдастырылды.
Шара шеңберінде орман қорында мобильді топтар профилактикалық шараларға қатысты. Нақтырақ айтқанда, жүзден астам рейд ұйымдастырылды. Мониторинг барысында өрт қауіпсіздігі ережесін бұзған 11 азаматқа қатысты әкімшілік шара қолданылды. Оларға 203 мың теңгенің айыппұлы салынды. Сонымен қатар, орманды жерлерде орналсқан қонақүй иелері және балалар лагерьлерінің қызметкерлерімен түсіндіру жұмыстары жүргізілді, - дейді Қайрат Шаймарденов.
Биыл «Ертіс орманы» мемлекеттік табиғи резерватында өрттерді ерте кезеңде анықтай жүйесі іске қосылды. Заманауи құрылғы түтінді бірден анықтап, дереу ақпарат береді. Нәтижесінде өрт сөндірушілер шұғыл әрекет етеді.
Ал өрт қауіпсіздігі кезеңі басталғалы 1 152 рейд өткізіліп, 200-ге жуық заңбұзушы тіркелді. Қазіргі уақытта орман қоры аумағында әуебекеттер мен механикаландырылған топтар кезекшілік атқарып жатыр. Қарағайлы аумаққа жақын орналасқан елді мекендерге өрттердің өтіп кетпеуі үшін жалпы ұзындығы 11 мың шақырымды құрайтын минералдандырылған жолақтар жасалды, - дейді басқарма бастығының міндетін атқарушы.
Айта кетейік, облыста 263 ауыл халқының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 59 өрт бекеті жұмыс істейді. Бұл елді мекендерде 100 мыңнан астам адам тұрады.