"Өрлеу" бағдарламасы бакалаврда оқу үшін 10 грант ұсынады

3 Шілде 2022, 18:26
2011
Бөлісу:
"Өрлеу" бағдарламасы бакалаврда оқу үшін 10 грант ұсынады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Shakhmardan Yessenov Foundation жоғары білім алғысы келетін, бірақ қаржылық жағдайы оған мүмкіндік бермейтін мектеп, балалар үйі, колледж түлектеріне арналған жаңа "Өрлеу" бағдарламасының басталғаны туралы хабарлады. 

Аталған бағдарлама аясында қор 20 шілдеге дейін байқауға өтінімдер қабылдайды. Есімдері 18 тамызда белгілі болатын 10 жеңімпазға қайырымдылық ұйымы олардың таңдауы бойынша бакалавриатта бір жылдық оқу ақысын төлейді.

Ең маңызды критерийлер: төмен табыс, жақсы оқу үлгерімі және қатысушының мотивациясы.

Бағдарлама – аз қамтылған отбасылардан шыққан дарынды балалар үшін үлкен мүмкіндік. Еліміз үшін көп еңбек сіңірген академик Шахмардан Есеновтың туғанына 95 жыл толуына орай, біз мұқтаж жандарға көмек көрсету, олар үшін әлеуметтік саты болу маңызды деп санаймыз. Әрине, бір шартпен, егер олар шынымен де кедейліктің тұйық шеңберін бұзып, өмір сүру сапасын жақсартқысы келсе, – деді қордың атқарушы директоры Айғаным Малишева.

Байқауға мемлекеттік грантқа ие бола алмаған, алайда жоғары білім алуға ұмтылатын мектеп оқушылары, балалар үйі, жасөспірімдер үйі және колледж түлектері, жетім балалар, ерекше қажеттіліктері бар балалар қатыса алады. Ең маңызды критерийлер: төмен табыс, жақсы оқу үлгерімі және қатысушының мотивациясы.

Наурыз айында халықты жаңа мүмкіндік туралы хабардар ету үшін жергілікті билік пен әлеуметтік қамсыздандыру орталықтарынан және балалар үйлерінен көмек сұраған болатынбыз. Өйткені, олардың "Өрлеу" бағдарламасының мақсатты аудиториясына тікелей қолжетімділігі бар. Бағдарламаның барлық қазақстандықтар үшін ашық екенін ескере отырып, әрине, әрбір мектепке, колледжге, қала мен облысқа жеке-жеке бару тиімсіз. 240-тан астам ұйыммен байланысқа шықтық. Олардың ішінде барлық облыс пен республикалық маңызы бар қала әкімдіктері – Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент, аз қамтылған жасөспірімдермен жұмыс істейтін коммерциялық емес ұйымдар, білім беру ұйымдары (басқармалар, бөлімдер, мектептер) бар, сондай-ақ, бағдарлама туралы ақпаратты Қазақстанның 253 колледжіне жібердік, – деді "Өрлеу" бағдарламасының үйлестірушісі Айгерім Сұлтан.

Бағдарлама ережесінде мәлімделгендей, қордан жоғары білім алу гранттарын жаратылыстану ғылымдарын, математика мен статистиканы, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды, инженерлік, өңдеу және құрылыс немесе денсаулық сақтау салаларын таңдаған жастар иелене алады. Грант тек бір академиялық жылға бөлінгенімен, жыл сайын грант иегері байқауға қатысып, оқуын жалғастыру үшін оны қайтадан жеңіп ала алады.

Біз мұны жастарды оқуда жақсы нәтижелерге ынталандыру үшін жасадық. Егер бірден бакалавриаттың 4 жылын төлесек, бұл мүмкін болмас еді, – деді Айғаным Малишева.

Бағдарлама қатысушыларының жақсы оқуы үшін грант берілетін жыл ішінде қор ЖОО-ға семестрлер бойынша төлем жасайтын болады. 

2022-2023 оқу жылына оқу ақысы бойынша шектеусіз 10 грант бөлінеді. Мұнымен қатар, Shakhmardan Yessenov Foundation басқа қаладан келетін студенттер үшін қажет болған жағдайда ай сайын 140 мың теңгеден бөліп отыруға дайын. Бұл тұрғын үй, тамақ және интернет ақысын төлеу үшін беріледі. 

Өрлеуге" өтінім қабылдау 20 шілде күні астана уақыты бойынша сағат 15.00-де аяқталады. Ал жеңімпаздарды тамыз айында, мемлекеттік білім грантын жеңіп алғандар тізімі жарияланғаннан кейін бірнеше күн өткен соң анықтайтын боламыз, – деді Айгерім Сұлтан.

"Өрлеу" бағдарламасының байқауы 2 кезеңде өтеді. Бірінші кезеңде қор қызметкерлері үміткерлердің құжатын зерделейді  – үлгерім, уәждеме, қаржылық жағдайын бағалайды. Екіншісінде жеке және топтық онлайн сұхбаттар өтеді, білімдері мен жеке қасиеттері бағаланады. Ол үшін бұл кезеңде оған кәсіби психолог қатысады.

Өзгелердің жаңалығы