Өрістегі мал қырылып қалды

20 Сәуір 2023, 19:05
987
Бөлісу:
Өрістегі мал қырылып қалды
PHOTO
Фото: автордан

Көктем шығысымен кең тыныстап, қорадағы малын өріске жіберген Торғайдағы халықтың қуанышы ұзаққа созылмады. Адал еңбектерімен жан бағып отырған ауылдағы ағайынның малы қарлы боранымен атой салған табиғаттың тосын апатынан баудай түсіп, қырылып қалды, деп хабарлайды BAQ,KZ Қостанай облысындағы тілшісі.

Халық арасында «Бес қонақ» деп аталатын бұл амал Торғай жеріндегі халықты есеңгіретіп кетті. Айдын күннің аманында алты ай бойы қыста алдындағы малын дін аман көктемге жеткізгенде аяқ астынан осындай жұт болады деп ешкім ойлмаса керек. Тіптен қазірдің өзінде сол Торғайда өріске кеткен малын таба алмай жүргендердің қарасы қалың болып отыр.

15 сәуір осыдан былай Торғайдағы ағайынның есінде ұзақ сақталатын секілді. Себебі, Қостанайдың өзге аудандарымен салыстырғанда осы оңтүстік өңірінде күн ерте жылып, көктемгі тіршілік қамы да ерте басталатын. Биыл да солай басталған көктем, бір күнде қақаған қыс болды да кетті. 15 сәуірде толассыз жауған қар мен бет қаратпас ақ түтек боран өріске кеткен малдың пана іздеп бет алған жаққа ығып кетуіне себеп болған.

Өрістегі мал қырылып қалды

Бір тәулік бойы сыртқа шыға алмай отырған халық ертесінде күн айыққан соң өрістегі малдарын іздегенде, сұмдық жағдайдың куәсі болды. Атап айтсақ, ықтап келген бұзаулы сиырлары мен құлынды биелері сол өзенге батып өліпті. Биылғы туған малдың төлдерінің бәрі бір күнде қырылып қалған

Биыл да өздеріңіз білесіздер қыс өте салқын болмады. Оның үстіне көктем де ерте шықты. Күн жылып, жер көктеген соң малдың бәрі өріске кетті. Бұрыннан «Бес қонақ» Торғай жерінде жеңіл өтетін. Дәл бұлай қар жауғанын, боран соққанын көрмегелі қашан. Осыған ұқсас жағдайды 1993 жылы 16 наурызда көріппіз. Ауданға қарасты ірілі ұсақты шаруа қожалықтары мен қарапайым халық орасан зор шығынға ұшырады, - дейді ауыл тұрғыны Есенбай Ғабдуахитов.

Қазіргі таңда, сол бораннан аман қалған малдарын кейбір тұрғындар жүздеген шақырым қашықтықтан тауып алып жатыр. Тұрғындар бұл табиғаттың тылсым құбылысынан халық та үлкен сабақ алуы керек дейді.

Бұрын ауыл халқы осы «Бес қонақ» болмай қорасындағы малын өріске шығармайтын. Шамалы сабыр сақтау керек. Жангелді ауданына қарасты Көкалат, Аралбай, Көлқамыс, Тәуіш, Саға ауылдарында мал шығыны өте көп. Жапа шеккендерге сабыр берсін. Бас аман болса, мал орны толар, - дейді көпті көрген ауыл ақсалалдары.

Осынау табиғат апатының ауыл тұрғындарының қорасындағы қанша бас малын жалмағаны туралы әзірге нақты санын алу мүмкін болмай отыр. Себебі , осы бораннан қырылып қалған мал басы күн санап өсіп келеді. Осындайда бабаларымыздың «Мал бір жұттық» деп бекер айтпағаны еріксіз еске оралады.

Өзгелердің жаңалығы