Қордайда халықты жұмыспен қамтитын орталық ашылды

3 Наурыз 2020, 04:29
1125
Бөлісу:
Қордайда халықты жұмыспен қамтитын орталық ашылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбыл облысы Қордай ауданында жұмыспен қамтуды көздейтін екі "Атамекен" қолдау орталығы ашылды. Жобаны Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қолдаған, деп хабарлайды өңірлік кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі.

"Атамекен" қолдау орталығының Қордайда ашылуы жайдан-жай емес, - деп атап өтті "Атамекен" ҚР ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев. - Қордай ауданында болған соңғы оқиғалардан кейін осы орталық халық арасындағы әлеуметтік шиеленісті жеңілдетіп, жұмыссыздық пен кәсіпкерлік қызметке жұмылдыру мәселелерін айтарлықтай шешуге көмектесуі керек. "Атамекен" қолдау орталығының бірегейлігі – локациясында. Қордай ауданында жұмыспен қамтудың мобильді орталықтары – Мәдениет үйі және Қаракемер ауылында орналасқан. "Атамекен" қолдау орталығының міндеті – халыққа жақын болу, жұмыссыз адамдармен байланыс орнату әрі оларды жұмыспен қамту, - деді.

Облыстық өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Олжас Қаржауовтың айтуынша, орталықта аталмыш ауданда жүргізілген сауалнама негізінде бос жұмыс орындарының базасы құрылған.

Жұмыссыздардың өтініші бойынша кеңесшілер база арқылы оларға жұмыс ұсынады. Қолдау орталығы жұмыспен қамтудың мобильді орталығын ашпас бұрын Қордай ауданында сауалнама жүргізді. Оның қорытындысы бойынша, жергілікті компанияларға сатушы, бақташы, жүргізуші, сату жөніндегі менеджер, тігіншілер, тракторист-механизаторлар, жұмысшылар, сауыншылар, жанармай құю стансаларының операторлары қажеттігі анықталды. Олардың орташа айлық еңбекақысы - 42 000-90 000 теңге аралығында, – деді Олжас Қаржауов.
Жобаның тағы бір ерекшелігі - жұмыс істеу құрылымында. Әр орталықта 3 менеджер және 1 жеке қабілетті дамыту кеңесшісі қызмет көрсетеді. Жеке қабілетті дамыту кеңесшісі сұраныстағы мамандықты анықтау мақсатында тестілеу өткізеді, тиісті ақпаратпен қамтамасыз етеді.


Осы ретте "Атамекен" қолдау орталығы қызметкерлері аудан тұрғындарын қабылдап қана қоймайды. Соынмен қатар ауылдық жерлерді аралап, жұмыссыз азаматтарға ақпарат береді.



Өзгелердің жаңалығы