Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жұмыс сапарымен Қордай ауданына келді. Сапар барысында өңір басшысы бірқатар құрылыс нысандары мен шаруа қожалықтарын аралады, деп жазды облыс әкімдігінің ресми сайты.
Аймақ басшысы жұмыс сапарын құлпынай өсірумен айналысып отырған "Қордай Агро 2020" ЖШС-нен бастады. Шаруа қожалық "Альбион" сұрыпты құлпынай өсіруде. Кәсіпорын басшысы Варшахлы Ваиханың айтуынша, жидектің бұл сұрыпының дәмі ерекше, оның 1 килограммы 1500 теңге тұрады.Құлпынай алқабының маңына 40 ара ұяшықтарын қою жоспарлануда. Жалпы, шаруашылық құлпынай алқабын 50 гектарға жеткізуді көздеп отыр. Облыс әкімі өнімді тоғыз ай бойы үзбей алып отыру үшін құлпынайды жылыжайда отырғызу мәселесін қарастыруды ұсынып, облыс басшылығы тарапынан қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Сарыбұлақ ауылына арнайы барған өңір басшысы "Самғау" шаруа қожалығының жұмысымен танысты. 478 гектар жүгері алқаптарында тамшылатып суару әдісі қолданылады. Евгений Трубников басқаратын шаруа қожалығы әр гектардан 980 центнер өнім алады, ал тамшылатып суару құрылғысы Италиядан сатып алынған. Облыс әкімі шаруашылық жұмысына оң бағасын беріп, жүгері алқаптарын ұлғайту қажеттілігі атап өтті.
Отар ауылына барған Бердібек Сапарбаев спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысымен танысып, 25 тамызға дейін нысанның іргетасын құю жұмыстарын аяқтап, 1 қыркүйектен қабырғасын қалау жұмыстарын бастауды тапсырды.
Жұмысты тездету қажет. Жұмысшылар санын көбейтіп, қазан айының соңына дейін ғимарат құрылысын аяқтап, ішкі әрлеу жұмыстарын бастау үшін екі ауысым ұйымдастыру қажет, -деді облыс әкімі.Сонымен бірге өңір басшысы спорт кешенін безендіруге, атап айтқанда Қордай ауданының атақты спортшыларының портреттерін ілуге көңіл аудару қажеттілігін атап өтті. Гвардейский қалашығында аймақ басшысы №43 орта мектепке барып, содан кейін иммундық препараттар шығаратын биофармацевтикалық зауыт құрылысының барысын бақылап, нысан құрылысы бойынша штаб отырысын өткізді. Зауыт осы жылдың аяғында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Қазіргі жағдай құрылысшылар уақыт жағынан екі апта артта қалғандығын көрсетеді. Кешігудің себептеріне көңіл бөлген аймақ басшысы мердігерлерге нысанға қосымша жұмыс күшін тарту арқылы жоғалған уақыттың орнын толтыру тапсырды.
Зауыт биыл пайдалануға тапсырылуы тиіс. Бұл пандемия жағдайында өте маңызды. Зауытта иммунобиологиялық дәрілік препараттар, оның ішінде қазіргі таңда клиникалық тексеруден өтіп жатқан коронавирустық инфекцияға қарсы вакцина өндірісі жоспарлануда,-деді ол.
Зауыт құрылысымен қатар зауыт қызметкерлері үшін 60 пәтерлік тұрғын үй құрылысы басталып кеткен. Бердібек Сапарбаев үй құрылысын биыл аяқтауды тапсырды.
Ал, Үлкен Сұлутөр ауылдық округінде облыс әкімі "Сұлутөр" шаруа қожалығымен танысып, елдімекендегі орта мектептің күрделі жөндеу жұмыстарының жай-күйін барлады. Жоспар бойынша білім ордасындағы құрылыс қыркүйек айының ортасында аяқталмақ. Облыс әкімі жұмысты тездетуді, мектепті жаңа оқу жылының басына дейін тапсыру қажеттілігін атап өтті.
Мектеп оқушыларының саны аз болғандықтан, оқу процессі қашықтықтан емес, мектепте өткені абзал. Ал, бірінші сынып оқушылары сабақты қашықтықтан оқыса, қандай білім алады, - деді Бердібек Сапарбаев.Сонымен бірге, Әлжан ана ауылына ат басын бұрған аймақ басшысы ондағы спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысына қанықты. Бірнеше спорт залы, бокс алаңы бар кешен құрылысы ағымдағы жылдың қазан айында тапсырылады.