Астанада футболдан Қазақстан кубогының финалдық кездесуі өтіп, «Ақжайық» пен «Ордабасы» өзара мықтыны анықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Тартысты матч 5:4 есебімен шымкенттік клубтың пайдасына яқталды. 11-минутта оралдықтар 2:0 есебімен алға шықты. Голды Завен Бадоян (жетінші минут) пен Том Табатадзе (11-ші) соқты. «Ордабасы» 26-минутта Самат Шәмшінің күшімен есе қайтарды. Ал екінші таймда Всеволод Садовскийдің добы (51) есепті теңестіруге мүмкіндік берді – 2:2. Алайда, көп ұзамай «Ақжайық» тағы екі гол соқты. Гол авторлары Табатадзе (67) мен Илья Коваленко (73).
76-минутта «Ордабасы» Максим Фединнің қақпаға бағыттаған дәл соққысының арқасында есепті қысқартты – 4:3. Ал 98-минутта Луис Гуедес шымкенттіктерді жеңілістен құтқарып қалды – 4:4. Қосымша уақытта, 119-минутта пенальтиді голға айналдырған Эльхан Астанов «Ордабасыға» жеңіс сыйлады.
Матч аяқталған соң финалистер мен кубок иелерін марапаттау рәсімі өтті. Медальдар мен кубокты Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Бәрменқұлов, ҚФФ бас хатшысы Олжас Абраев және Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының президенті Рохус Шох табыс етті.
Осылайша Қазақстан кубогін екінші рет жеңіп алған «Ордабасы» 2023-2024 жылғы футбол маусымында өтетін Еурокубок ойындарына қатысатын болды.