Оразалин: Халық өзі сайлаған Президентінің шешімін қолдауы керек

7 Қаңтар 2022, 17:47
1100
Бөлісу:
Оразалин: Халық өзі сайлаған Президентінің шешімін қолдауы керек

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгінгі үндеуіне орай ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрлан Оразалин білдірді. Ол өз пікірін ҚазАқпарат тілшісіне айтты.

Бізде бір ғана Отан бар, ол – Қазақ елі. Қазақ елінің басына талай ауыртпалық түскен еді. Біз - Тәуелсіздіктің қадірін білетін, елдіктің аманатын арқалаған ұрпақпыз. Осы жалғыз Отанымыздың басына соңғы үш-төрт күннің ішінде өте ауыр сыннан өтіп жатырмыз. Бұл сыннан аман өту үшін, Отанымызды сақтау үшін халық өзі сайлаған Президентінің шешімін қабылдап, қолдауы керек және дұрыс түсінгені абзал. Өйткені, дәл осы шешім болмаған жағдайда, біз қандай күнде боларымыз белгісіз еді. Яғни бір сәтте, бір кезде бүкіл Қазақстанның Ұлы байтағына, облыстардағы стратегиялық ордаларымыз тұрған жердің бәріне лаңкестікпен, басбұзарлықпен жоспарлы түрде мемлекеттік тұтастығымызға жасалған шабуылды қайтару үшін Қасым-Жомарт Кемелұлы тағдыршешті шешімге барғанын дұрыс деп есептеймін, - деді Н. Оразалин.

Сонымен қатар ол ҰҚШҰ мүше елдерге өз көмегін ұсынатын ұйым екенін атап өтті.

Ендеше, осындай ұйымның келіп, қадағалап отыруы және сес болып сырттағы күштерге өзінің қабілетін танытуы біздің Тәуелсіздігімізге ешқандай да көлеңке түсіре қоймайды деп ойлаймын. Сондықтан осындай кезеңде үлкен әлемдік деңгейге көтерілген, ойлау жүйесі аналитикалық пайымдау мектебінен өткен, қазіргі батыстың әрі шығыстың жағдайын жақсы білетін Президентіміздің төңірегінде шоғырлануымыз керек. Ол - үлкен саясаткер, қайраткер тұлға. Бұл өз кезегінде ұлт пен ұрпақ үшін, сондай-ақ мемлекетіміздің тұтастығын сақтау үшін керек. Дәл осы сәтте лаңкес бұзақылардың беті қайтқанымен, оның арғы жағында сол жолға салғандардың беті мен жоспары қайта қойды деп есептеуге болмайды. Адасқан балаларымыздың тағдыры қиын жағдайға баратынын білеміз, - деді Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.

Н. Оразалин өткен күндері Мемлекет басшысы халыққа маңызды ұсыныстарын айтқанын, сабырға шақырғанын еске салды.

Тыңдаған елдің біразы жастарды сабырға шақырып жатты, ал тыңдамағандары сырттан дайындалып келген лаңкестік күштердің жетегінде кетті. Қан төгілді, елдің басына түскен қаралы күнде біздің тұтастығымыз керек. Дәл осы сын-сағаттарда бізге елімізді сақтау үшін қандай болмасын шешімге бару керек. Өзіміз сайлаған білікті Президенттің төңірегінде топтасу маңызды. Бұл қазіргі жағдайдағы тығырықтан алып шығар жалғыз жол деп есептеймін. Біз қалпымызға келетін болсақ, бесікте жатқан баланың болашағы тыныш болады. Елдің бүтіндігі үшін осындай әрекетке тұтас халық болып ақылмен, парасатпен баруымыз керек деп есептеймін. Сондықтан осы жағдайда басымыз қосылып, жұмылдырылуы керек. Бұл елдігіміз, мемлекеттік тұтастығымыз, Тәуелсіздігіміз, халқымыз үшін қажет қадамдар, - деді Нұрлан Оразалин.

Өзгелердің жаңалығы